Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін күшейтетін заң қабылданды

АСТАНА.KAZINFORM — Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы түзетулерді бекітті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Фото: Ақорда

— Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, — делінген хабарламада.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің хабарлауынша, аталған заң Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасын іске асыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға енгізу мақсатында әзірленді.

Мүдделер қақтығысының алдын алу бөлігінде оның әлеуетті, нақты және орын алған түрлері бойынша ара жігі ажыратылды. Әрбір түрі үшін нақты мерзімдері көрсетілген әрекет ету алгоритмі белгіленді. Мүдделер қақтығысы жағдайында қабылданған актілер мен жасалған мәмілелер жарамсыз деп танылуы мүмкін.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің дербестігі күшейтілді: олар тек директорлар кеңесіне немесе байқау кеңесіне есеп береді, атқарушы органнан тәуелсіз түрде өз өкілеттіктерін жүзеге асырады және Агенттікпен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.

Айта кетейік, заңның толық мәтіні баспасөзде жарияланады.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізгенін жазғанбыз.