Жемқорлық болмаса, Қазақстан 1 жылда әлеуметтік нысандармен толық қамтамасыз етілер еді - Алик Шпекбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жемқорлық болмаса, Қазақстанда 1 жылда 628 мектеп пен 1256 балабақша салынар еді. Бұл туралы бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мәлім етті.

«Мемлекеттік сектордағы жемқорлық жыл сайын әлемдік экономикадан пара түрінде 1,5-2 трлн доллар тысқа шығарады. Бұл шамамен ЖІӨ-нің 2 пайызы. Егер Қазақстанға келетін болсақ, ЖІӨ-нің 2 пайызы 1 трлн. 250 млрд. теңгеге сәйкес келеді. Осы қаражатқа біз 1 жылда 628 мектеп пен 1256 балабақша сала аламыз. 1 жылдың ішінде біз әлеуметтік нысандармен толық қамтамасыз етілер едік», - деді ол бүгін ҚР «Атамекен» ҰКП отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта жемқорлықты түбегейлі жоя білген еш мемлекет жоқ, алайда оның деңгейін мейлінше төмен түсірген елдер бар. Дамыған және бай мемлекеттерде элитарлық жемқорлық басым болса, Қазақстан секілді дамушы мемлекеттерде ол тұрмыстық, бұқаралық сипатқа ие.