Жемқорлық фактісін хабарлағандарға 27 млн теңге сыйақы берілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен жылы жемқорлық фактісін хабарлаған 185 адамға 27,3 млн теңге сыйақы берілді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда сыбайлас жемқорлық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте басқаша көмек көрсеткен азамат қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Дәлелін тапқан жағдайда біржолғы ақшалай сыйақы түрінде көтермеленуі мүмкін», - деді ол.

Оның дерегінше, өкен жылы жемқорлыққа бей-жай қарамайтын азаматтардың өтініші бойынша агенттіктің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бірқатар жемқорлық қылмысты анықтады.

«2018 жылы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы расталған хабарламалары үшін 185 тұлға 27,3 млн теңгеге көтермеленді. Оның ішінде онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша 2 азамат - 192 400 теңгеге, ауырлығы орташа бойынша 73 тұлға - 9,04 млн теңгеге, ауыр қылмыстар бойынша 106 тұлға - 18,1 млн теңгеге көтермеленген еді», - деді А.Бердалин.

Сондай-ақ, ол осы жылдың екі айында Ұлттық бюроның аумақтық департаменттерімен 29 тұлға жалпы сомасы 4,5 млн теңгеге көтермеленгенін айтты. Оның ішінде ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша 9 азамат 1,1 млн теңге, ауыр қылмыстар бойынша 20 тұлға 3,4 млн теңге сыйақы алған.