Жемқорлық қылмыстарында әкімдік қызметкерлерінің үлесі басым

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы төрт жылда жемқорлық қылмыстарында әкімдік қызметкерлерінің үлесі басым. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы жанындағы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының орындалуын талқылау кезінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аталған кеңестің мүшесі Төлеген Ибраев мәлім етті.

«Жергілікті атқару органдарындағы сыбайлас жемқорлық алаңдатады. Соңғы төрт жылда әкімдік қызметкерлері жасаған қылмыстар жалпы сыбайлас жемқорлық қылмыстарының жартысына жуығын құрап отыр», - деді кеңес мүшесі.

Сарапшылардың 4 жыл бұрынғы «сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша қабылданған шаралар тиісті нәтиже бермей отыр» деген пікірі бүгін де өзекті екеніне тоқталған ол, «2012-2014 жылдары сыбайлас жемқорлық қылмыстарын тіркеудің орташа жылдық деңгейі 2218-ге тең, бұл өз кезегінде 2011 жылғы көрсеткіштен 200 қылмысқа артық. Яғни, 2011 жылмен салыстырғанда өсім 10 пайызды құрады», - деді.

Оның сөзіне қарағанда, кеден органдарында тіркелген жемқорлық қылмыстары екі есеге жуық артты (2011 жылы - 23, 2013 жылы - 44). Бес жыл бұрынғыдай сыбайлас жемқорлықтың ең жоғары үлесі мемлекеттік сатып алулар, жер қатынастары және білім беру саласына тиесілі.