Жемқорлық үшін бірінші басшының жеке жауапкершілігі енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет отставкаға кетпей тұрғанда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде маңызды бір мәселе көтерілген болатын. Сол кездегі ведомство басшысы Жеңіс Қасымбек (қазір Премьер-Министр орынбасары - авт.) жемқорлық үшін бірінші басшылардың жеке жауапкершілігін енгізетінін мәлімдеді.

Тіпті, ондай жауапкершіліктің өзіне қатысты екенін де жеткізді. «Бір қызметкер парамен ұсталса, оның басшысын жұмыстан шығарамыз», - деді Жеңіс Қасымбек. ҚазАқпарат тілшісі министрліктегі жемқорлықтың деңгейін зерделеп, батыл бастаманың тиімділігін сараптап шыққан болатын.

Бүгінде мемлекеттік органдар жыл сайынғы алқа мәжілістерін сан алуан форматта ұйымдастырып жатады. Біреулер концерт залдарын жалға алса, енді біреулер негізгі спикерлерді креслоға отырғызып қойып, ток-шоу үлгісінде жасайды. Ал ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биылғы алқа мәжілісін мүлдем басқаша форматта өткізген болатын. Меморган басшылығы өңірлерден келгендердің бәрін бір күн бұрын жинап алып, жемқорлық үшін ұсталған әріптестерінің видеоларын көрсетіп шықты. Сөйтіп, «төрт көз түгел» жиналғанда сыбайлас жемқорлықтың салдарын аймақтардан келген әрбір басшыға жеткізуге тырысты.

«Алқа мәжілісіне аумақтық құрылымдардың басшылары да келді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ертеңгі отырыстың алдында жемқорлық мәселесін қарастырып шыққанды жөн көрдік. Жемқорларды ұстау туралы видеоны да көрсетеміз. Мен өзім он күндей бұрын барлық видеоларды көріп шықтым. Шынымды айтсам, сол видеоларды көрген кезде қатты ұялдым», - деді Жеңіс Қасымбек.

Шындығында «ұялатын» нәрсе көп екен. Соңғы екі жылдың ішінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрілігі бойынша 100-ден астам жемқорлық оқиғасы тіркелген. Аталған фактілерге қатысы бар 59 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 40-тан астам адам сотталыпты. Олардың ішінде республикалық дәрежесі бар 4 басшы және облыс деңгейіндегі 30 басшы бар. Осы орайда бір ғана геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің экс-төрағасы Базарбай Нұрабаевтың қылмыстық тобын еске алсақ та жеткілікті. Олар өз туған-туыстарының атына кен орындарын рәсімдеп, артынан соның бәрін нарықтық бағамен сатып отырған. Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдалану саласындағы келісімшарттарды рәсімдегені үшін қымбат көліктерді, пәтерлерді, қолма-қол ақшаны да пара ретінде алыпты. Ал Нұрабаевтың өзі 20 мың АҚШ доллары көлеміндегі кезекті парасын алу кезінде қолға түсті.

Жалпы, министрлікке қарасты салаларда «майлы шелпек» салалар баршылық. Ал жемқорлық әрекеттерінің жартысынан көбі көліктік бақылау комитетіне тиесілі екен. Бұдан бөлек, кәсіби құтқару қызметі мен «Қазавтожол» сияқты мекемелер жемқорлық бойынша «үздік төрттікке» еніп отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдолланың айтуынша, аталған құрылымдардың қызметкерлері көп жағдайда келісімшартқа қол қойғаны үшін пара алып отырады. Бұдан бөлек, әкімшілік шараларды қолданбағаны үшін ақша алатындар көп.

«Мемлекеттік сатып алу саласында да жемқорлық фактілері аз емес. Бірінші басшылар қылмыстық схемаларды жасайды да, оған облыстық филиалдар мен құрылымдық ұйымдардың қызметкерлерін тартып отырады», - дейді Шыңғыс Қабдолла.

Негізі, көліктік бақылау саласындағы жемқорлық жайында айтылып жатқанына біраз болды. Осыған байланысты министрлік көлік құралдарының салмағын өлшеудің автоматтандырылған жүйесін енгізуге кірісіпті. Бүгінде бірқатар жерлерде ондай құрал-жабдықтар орнатылған. Ендігі кезекте, республикалық маңызы бар жолдардың кейбір учаскелерінде автоматтандырылған стансалар жүйесін құру жоспарланып отыр. Ондайда ақпараттық таблоға көлікті өлшеу стансасынан өткізу қажеттігі туралы xабарлама шығарылады. Ал көлік жүргізушісі одан бас тартып, кетіп қалса, ішкі істер органдарының бейнебақылау жүйесі арқылы айыппұлдар жазылатын болады. Жалпы, министрлік көліктік бақылау қызметін түбегейлі өзгертуді көздейді. Себебі осы салаға жаңадан келген мамандар ескі «жүйеге» қарсы тұра алмайды, бір-екі жылдың ішінде сол «жүйеге жұтылып» кетеді де, өздеріне дейін болған қызметкерлер сияқты пара алуды бастайды. Оны Жеңіс Қасымбектің өз де ашық айтып отыр.

«Жасыратыны жоқ, жағдай еш өзгеріп жатқан жоқ. Сіздерді тағайындайды, қайта ауыстырады. Бірақ өздеріңіз жергілікті жердегі «жүйеге» қарсы тұра алмайсыз. Ол Сіздерді «жеп қойып» отырады. Сөйтіп, екі-үш жыл бұрын болған қызметкерлер сияқты «жұмыс істей» бастайсыздар. Олай болмайды. Біз бірқатар шараларды қолға алатын боламыз. Мен осыны алдын ала айтып қояйын. Осы жылдың ішінде көліктік инспекцияда қайта құрылымдау болады. Оған қатысты функциялардың көбісі автоматтандырылған жүйеге ауыстыралады. Осылайша, жолда тұратын мамандарды барынша азайтамыз. Адамдар жолда тұрмайды. Ал қалған функцияларды басқа мемлекеттік органдарға береміз. Сөйтіп, көліктік инспекцияны түбегейлі өзгертеміз. Сондықтан жылдың басында ескертіп қояйын деп отырмын. Көліктік инспекцияны толығымен аттестациядан өткіземіз. Біз жергілікті жерде инспекторлардың санын 30-40 процентке қысқартуды жоспарлап отырмыз. Сол себепті өздеріне қатысты жұмысты жергілікті басшылар да өзгертуі тиіс. Әйтпесе, Сіздермен қоштасамыз. Басқа құрылымдарға да айтарым осы», - деп атап көрсетті Жеңіс Қасымбек.

Дәл сол жиында Жеңіс Маxмұдұлы өз қызметкерлеріне жемқорлық үшін бірінші басшылардың жеке жауапкершілігін енгізетінін де жеткізді. Бұл дегеніміз, бір қызметкер парамен ұсталса, оның басшысы өз қызметімен қош айтысады.

«Өткенде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевпен кездескенде біз былай келістік. Егер аумақта бір басшы ұсталса, онда осы салаға жауапты комитет төрағасы немесе оның орынбасары отставкаға кетуі керек. Қазір біз агенттікпен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Бәлкім, ортақ бір құжатты қабылдаймыз. Алайда бұдан былай менде осындай ұстаным болады. Мәселен, бір саланың басшысы парамен ұсталса, комитет төрағасының орынбасары жұмыста кетуі тиіс. Ал жергілікті жерде инспектор қолға түссе, бірден департамент басшысы жұмыстан кетеді», - дейді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, осындай ұстаным болған жерде ғана басшылардың жеке жауапкершілігі артады. Сонда жергілікті жердегі қарапайым инспектордан бастап комитет басшылығына дейінгі қызметкерлер жемқорлықтың жазасын жете түсінеді. Жеңіс Қасымбек өз жауапкершілігін де атап өтті.

«Бүгін мен уәде беремін, инспектор парамен ұсталса, департамент директоры жұмыстан қуылады. Ал департамент басшысы ұсталса, комитетте өзгерістер болады. Орталық аппарат да солай. Оның бәрі маған да қатысты», - деп атап көрсетті Жеңіс Қасымбек.

Осылайша, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі батыл бастаманы қолға алған болатын. Соның арқасында ішкі тәртіпті күшейтуге мүмкіндік бар. Ал, ең бастысы, бірінші басшылардың жеке жауапкершілігі артады.

Айта кетерлігі, бұл салаға жаңа министр болып Роман Скляр тағайындалды. Ол бұрын ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі қызметін атқарды. Ал жоғарыдағы бастаманы көтерген Жеңіс Қасымбек болса, Премьер-министрдің орынбасары болды. Ендеше Роман Скляр бұрынғы басшысының бастамасын жүзеге асыруға білек сыбана кіресіді деген сенім бар. Бұл ғана емес жаңа басшылыққа барған Жеңіс Қасымбек тәжірибесі біртіндеп басқа салаларға ауысса игі...