Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Ақтөбе облысының Қобда ауданында Әмірғалиев атты азамат 2008 жылы жемқорлық әрекетімен байланысты қылмысқа жол бергені үшін сотталғандығына қарамастан, прокуратура өкілдері араласқанға дейін аудандық Дене шынықтыру және спорт комитетін басқарып отыра берген. Осы тектес оқиға Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданында да орын алды. Онда өз қызметіне салғырт қарағаны үшін сотталған Қайымова прокурорлық акті енгізілгенге дейін Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін басқарып келген. «Өкініштісі, мұндай фактілер еліміздің аймақтарында көптеп кездеседі. Олардың бірінде қылмыс жасаған азаматтар мемлекеттік қызметтен босатылмаған болса, енді біреулерінің тіпті қызметі өскен. Аталмыш фактілер еліміздің Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы сияқты қалаларында орын алды», деді ресми өкіл.