***
Коррупция немесе сыбайлас жемқорлық кез келген елде болады, мәселе, оның маштабында. Шетелдік экономистердің тұжырымдауынша, егер мемлекет байып, гүлденгісі келсе, алдымен коррупцияны жою керек. Мәселен, Германия, Финляндия, Швеция, Швейцария сияқты Батыс Еуропаның дамыған елдерінде сыбайласқан жемқорлықты жеңген, бірақ қалдықтары болуы керек. Әлемдік рейтинг бойынша коррупцияға бой алдырған Судан, Нигерия, Түрікменстан сияқты елдердің қатарында, ең төменгі сатыларда Қазақстан тұрған көрінеді. Міне қоғамды жайлаған осы дерт жайы арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Жемқорлық жойылмай, мемлекет гүлденбейді» деген тақырыппен берілген. «Коррупцияға қарсы күрес нәтижелерінің көрсеткіштеріне қарағанда, Қазақстанда сыбайлас жемқорлық жойылудың орнына қанат жайып бара жатқан сияқты», - деп жазады басылым.
«Лондонда өзінің еуропалық жолсапарының екінші күнінде Қазақстанның сыртқы істер минстрі Ержан Қазыханов британдық әріптесі Уильям Хейгпен кездесіп, екі жақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму болашағы туралы сөз қозғады», - деп жазады «Айқын» газеті «Қарым-қатынас мәселесі талқыланды» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, тараптар сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы, парламентаралық деңгейдегі өзара ықпалдастық, халықаралық сипаттағы кең көлемді мәселелер бойынша Астана мен Лондон ұстанымдарының ұқсастығын атап өтіп, екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі даму деңгейіне ризашылық танытқан.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің директоры Диханбек Сатылғановпен арадағы сұхбат «Құтқарушы әмбебап болуы керек» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Ең басты талап - құтқарушы қандай жағдайда, қандай апатта болсын құтқарушы болуы керек. Қазір осыған көп көңіл бөліп жатырмыз. Мәселен, құтқарушы өрт сөндіруші де, су құтқарушысы да, алғашқы медициналық көмек көрсетуші де, қысқасы, әмбебап болуы керек», - дейді.
Биыл қазан айының 30-ында Қырғыз елінде дүбірлі президент сайлауы өтпек. Онсыз да қазаны ортайған қырғыз ағайынға бұл сайлау, Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, 450 млн. сомға (10 млн. долларға жуық) түскелі тұр. Ала-Тоо-дағы кезекті дода президент сайлауы ғана емес, айыр қалпақты ағайынға тағы да үлкен сын болмақ. Себебі ел ішін арандатып, жік-жікке бөлуге мүдделі күштер аз емес. сайлау дүбірі жақындаған сайын билік қырғыз елінің бірлігі мен тұтастығын сақтауға барынша күш жұмсап келеді. Көрші елдегі саяси ахуал жайында егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» газетіндегі «Қырғыз президенттіген тайталас неге бәсең?» деген тақырыптағы мақалаға көз жүгіртіңіз.
***
«Астаналық «Белес» тобы Түркия астанасында өткен «Гранд Анкара» фестивалінен олжамен оралды. Ақтеңіз жағалауында бір апта бойы өткен фестивальдің қадірлі қонағы болып, қазақтың төл өнерін паш еткен «белестіктерді» Анкара қаласының мэрі Мелих Гөкчек арнайы шақырған екен», - деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Басылымның атап өтуінше, қазақтың төл өнерін насихаттап, киелі күй өнерінің қамқоршысы болып жүрген топ 45 минут бойы анкаралықтарға өнерлерін паш еткен. Мақаланы толығымен басылымның бүгінгі нөмірінде басылған «Белес бағындырған белес» деген мақаладан оқи аласыздар.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Өскемен титан-магний комбинаты, аэроғарыш, қорғаныс салаларындағы әлемдік көшбасшы саналатын EADS компаниясы және UKAD қазақстандық-француздық бірлескен кәсіпорын арасында 2022 жылға дейін титан өнімдерін жеткізу туралы ұзақ мерзімді келісімге қол қойды. Аталған құжатқа сәйкес, Өскемен титан-магний кобинаты Еруопаға өз өнімін жеткізбек. Қазақстандық өнім Airbus ұшақтарын пайдалану үшін де қолданылатын болады. Осы жоба бойынша инвестицияның жалпы көлемі шамамен 47 млн. еуроны құрайды. Мақала «Летучий титан для Европы» деген тақырыппен берілген.