«Заң барлығына бірдей жемқорлықпен күрес жүргізуді міндеттейді. Бірақ, іс жүзінде басшылар бұл мәселелерден жиі тысқары қалып жатады. Нәтижесінде жемқорлық жасалады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, көп жағдайда қылмыс жоғары лауазымды тұлғалар тарапынан толықтай бақылаудың болмауынан немесе бұл бағыттағы жұмыстардың әлсіздігінен орын алады. Сондықтан жемқорлықтың негізгі себептеріне тоқталғым келеді. Ал онсыз жемқорлықпен тиімді күресу мүмкін емес», - деді департамент басшысы.
Оның айтуынша, ең алдымен басшылар жұмыстарының кәсіби ерекшеліктерін және өздерінің міндеттерін біле бермейді. Осындай сауатсыз басшылардың салдарынан оның қарамағындағы қызметкерлері қылмыс жасап жатады.
«Екіншісі - салғырттық, яғни, өз міндетін немкетті орындау. Үшіншісі - бұл әрекетсіздік. Демек, басшы бағынышты қызметкерінің онымен айналысатындығын біледі. Бірақ, еш шара қабылдамайды. Төртінші - қылмыстың қатысушысы болуы», - деді ол.
Осы орайда департамент басшысы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Р.Ақшуриннге қатысты қозғалған қылмыстық істі мысалға келтіріп өтті.
«Ол соңғы үш жыл бойы 120 млн теңгеден астам бюджет қаражатын оңды-солды шашып келген. Бұған дейін айтқанымдай, ол үш аудан әкімінің қол астында жұмыс істеген. Бірде-бір әкім оған лайықты бақылау жүргізбеген, аумақты тазалауға кететін қаражаттың қайда жұмсалғанын, жұмыс неліктен орындалмағанын сұрамаған. Ал мемлекет қаражаты шығындалған», - деді Дулат Азбергенов