Жемқорлыққа қарсы агенттік пойыз билеті алыпсатарларымен қалай күреспек

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Исламбек Майшекин темір жол билеттерін алыпсатарларына қарсы қандай шаралар жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агенттік пен «Жолаушылар тасымалы» АҚ арасындағы келісім аясында құрылған «Адал жол» жобалық кеңсесі қазіргі уақытта темір жол билеттерін алыпсатарлардың әрекетін жоюға бағытталған жұмыстар жүргізіп жатыр. Алыпсатарлар түрлі, оның ішінде билет тапшылығы орын алатын бағыттарға да арналған билеттердің бір бөлігін алдын ала сатып алып, одан кейін оны жоғары баға сатады деген болжам бар», - деді ол.

Оның айтуынша, алыпсатарлардың мұндай әрекеттері еліміздің барлық өңірлерінде арнайы жүргізілген тексеру шаралары барысында анықталған.

«Тіпті брондау жүйесінің өзі билеттерді еркін сатылымнан шығарып, көлеңкелі сатылымға шығаруға мүмкіншілік береді деп есептейміз»,-  деді агенттік өкілі.

Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, бұл мәселені жан-жақты талқылау үшін жобалық топ құрылған. Аталған топ билеттерді алаяқтық жолмен сатуға, адами фактордың араласуына жол бермейтін заманауи бағдарламалық өнім жасап шығаруға ұсыныс беруі тиіс.

Соңғы жаңалықтар