Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Сабырбаевтың айтуынша, бүгінде xалық көп нәрсені жемқорлық деп қабылдайды. Алайда заң бойынша кейбір әрекеттер ондай санатқа жатпайды. Мәселен, бір адам вокзалға барып, билет таба алмаса, оны өз еркімен делдалдардан сатып алады. Артынан «бұл - таза жемқорлық» дейді. Алайда заңға сәйкес, ол екі адамның арасындағы қарым-қатынас қана және сыбайлас жемқорлық болып саналмайды. Бұдан бөлек, мектеп директоры ақша жинаса, xалық оны да жемқорлыққа жатқызады.
«Шын мәнінде, ол жемқорлық емес. Біз осыны үш жыл бойы түсіндіріп келдік. Бірақ ештеңе шықпады. Сол себепті өз тактикамызды өзгерттік. Енді, біз заң бойынша жемқорлықтың анықтамасына қарамаймыз. Халық жемқорлық десе, тексеріске кірісеміз. Қазір колледждерді, теміржол вокзалдарын тексеріп жатқанымыз да содан. Алдағы уақытта басқа да ұйымдарға барамыз. Бұрын олар бізді жақындатпай жүрсе, ендігі кезекте олай болмайды. Біз xалықтың «тапсырысы» бойынша жұмыс істейміз», - деді Д.Сабырбаев Астанада өткен жиында.
Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларына қоғамның өзі - ел азаматтары атсалыспаса, осы саладағы жұмыстың нәтижесі болмайды.
«Бәрі ойлайды, жемқорлықты мемлекеттің күшімен ғана жеңуге болады. Өзіміздің агенттік, тергеу қызметтері және тағы басқа органдар күресуі тиіс деген пікір бар. Әсте олай емес. Халық осы жұмысқа неғұрлым көп араласса, жемқорлықтың деңгейі де соғұрлым төмен болады. Біздің жұмысымыз да тиімді болады. Халық жемқорлықты жоюға өзі мүдделі болуы қажет. Өкінішке қарай, қоғамның мықты ұстанымы жоқ. Мәселен, дәл қазір бәріміз жемқорлыққа қарсымыз деп айтсақ та, ертең дәрігер туған-туысымызға жақсы қарасын деген ниетпен заңсыз ақша беруге дайын тұрамыз. Демек, сол кезде жемқорлыққа қатысты ұстанымымыз өзгереді. Сондықтан ең алдымен жалпы мүддені жеке мүддеден жоғары қою қажет. Ал жеке сұрақтарды шешкенде сол жалпы мүддені ойлауымыз жөн. Сонда ғана жемқорлық саласындағы жағдай, xалықтың санасы өзгереді. Біз осы мәселеге негізгі басымдық беріп келеміз», - деп атап көрсетті Д.Сабырбаев.