Жемқорлыққа жол берілмейді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысы бойынша коррупцияға қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро департаментінің қызметкерлері қазіргі күні аймақта сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында батыл күрес жүргізуде, деп жазады "Айқын" газеті.

Облыстық ұлттық бюро де­партаментінің ресми өкілі Самал Ахмедьянованың айтуынша, осы жылдың өткен алты айы ішінде аймақтық департамент қыз­меткерлері 247 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тексеру жұмыстарын жүргізіп, заң бұзып, жең ұшынан жалғасқан жем­қорларды жауапқа тартуды ұсынды. «Ел аман, жұрт тынышта» орын алған қылмыстың 163-і сыбайлас жемқорлыққа қатысты болды. 

- Сөйтіп, жыл басынан бергі уақыт аралығында 32 адам қылмыстық жауапқа тартылып, олар жергілікті сот шешімімен жазаланды. Облыс бойынша 117 қылмыстық іс, оның ішінде, Пав­лодар қаласында - 96, Екі­бастұз қаласында - 21, Лебяжі ауданында - 8, Баянауыл ауданында - 6 қылмыстық іс орын алғаны анықталды. Әсіресе, жергілікті атқару органдарына қарасты мекемелерде, құқық қорғау орын­дарында т.б. меммекемелерде өрескел заңбұзушылық орын алуда. Мысалы, биылғы жылдың өткен алты айының ішінде орын алған құқықбұзушылық әре­кет­терінің 52 оқиғасының ай­мақтағы жергілікті басқару органдарының, 30 оқиғаның құқыққорғау орган­дарының үлесіне тиіп отыр­ғанын айтпай кетуге болмайды. Атап айтқанда, биылғы жылдың өзінде алаяқтық әрекеттерге байланысты 11 қылмыстық оқиға, мемлекеттік қызметтегі мамандардың лауа­зымды өкілеттіктерін асыра пай­далануына қатысты 25 қыл­мыс және сондай-ақ, бюджеттік қар­жыны қымқырудың 43 оқиғасы орын алған. Ашығын айтсақ, Агроөнеркәсіп кешені облыстық инспекциясының жетекшісі К.Федотованың іс-сапарға барған қызметкерлердің есепшотына мемлекеттің 200 мың теңгесін заңсыз аударғаны, Павлодар облыстық тоғай шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының бастығы М.Қа­натбаевтың осындағы ма­мандармен бірлесіп, брако­ньерлікпен ауланған балықтарды облыс аумағына таратуға «қам­қорлық» жасағаны үшін брако­ньер­лерден ай сайын 100 мың теңге көлемінде заңсыз қаржы алып отырғандығы анықталды. Сондай-ақ, осы басшының «Ертіс орманы» республикалық мемле­кеттік мекемесінің басшысы К.Құсайыновтан жалпы сомасы 100 мың теңге көлеміндегі жанар-жағармайды пара ретінде алғаны белгілі болды. Сөйтіп, Павлодар облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызмет­керлерінің ұсынысы бойынша М.Қанатбаев тұтқындалып, ол заңсыз жасаған қылмыстық әрекеттері үшін қатаң жазаланды, - дейді Павлодар облысы бойынша коррупцияға қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро департаментінің ресми өкілі Самал Ахмедьянова.
Ұлттық бюроның ресми өкілі Самал Ахмедьянованың ай­туынша, мұндай заңсыз оқиғалар Павлодар облысы аумағында да кездесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросы облыстық департаментінің қыз­меткерлері олардың әрекет­терін әшкерелеп, тосқауыл қоя білуде. Департамент қызметкерлері жүр­гізген іс-шаралардың нәти­жесінде, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне қарасты «Есірткінің медици­налық-әлеуметтік проблемалары республикалық ғылыми-тәжіри­белік орталығы» мемлекеттік ме­кемесі директорының мінде­тін атқарған Н.Иманбердиевтің «Саламатты Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген қаржыны қалай талан-таражға салғаны толық анықталып, оның өзі және сыбайластары заң бойынша әділ жазаланды. Мәселенің анығын айтсақ, Иманбердиев мемлекеттік сатып алу және медицина ма­мандарын оқыту, қайта дайындау бойынша қол қойылған келісім-шарттардың әрқайсы­сынан 10 - 25 пайызға дейін пара ретінде (откат) алып келіпті. Сөйтіп, ол шағын және орта кәсіп өкілде­рінен жалпы көлемі 266 мың теңгені «суырып» алған көрінеді. Ол ол ма, арнайы жүргізілген тергеу-тексеру шаралары бары­сында Иманбердиевтің лауа­зымды өкілеттігін пайдалан отырып керекулік кәсіпкерлерден 475 мың теңгеден астам пара алғаны да әшкереленді. Бұл оның қылмысының тек бір парасы ғана.
- Қазіргі күні Н.Иманбер­диевтің өте өрескел қылмыс жасап, мемлекетке орасан зор көлемде шығын келтіргені нақты дәлелденді. Жасаған қылмыстары үшін оған сот шешімімен 14 миллион 396 мың теңге айыппұл салынып, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. Ұтымды іс-қимыл жағдайында «Баянауыл аудандық Жер қатынастары бөлімі» мем­лекеттік мекемесінің бастығы М.Абылайханов 250 мың теңге пара алып жатқан сәтінде құ­рықталды. Бұл іс қазір жан-жақты тергелуде. Күдікті 540 мың теңге кепіл-ақша төлеп, үйіне жіберіл­ді. Бұл бір ғана мысал. Жалпы, об­лыс аумағында біздің депар­тамент қызметкерлерінің тергеу-тексеруі нәтижесінде 29 қыл­мыстық іс тіркеліп, оның алта­уының шағын және орта кәсіпкерлікке қатысты екендігі анықталды. Соңғы уақытта құқық қорғау салысы қызметкерлері де параға әуес болып барады. Мысалы, Пав­лодар қалалық ІІД жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы К.Рах­мановқа бір адамның қалада еркін жүруін қамтамасыз ету мақса­тында 200 мың теңге пара алғаны үшін сот шешімімен 12 миллион теңге айыппұл салынды.

Жомарт Молдахметұлы