***
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем таныған, дүние құрметіне бөленген санқырлы қызметінің қымбат бір қыры - түркі тілдес елдердің арасындағы дәстүрлі достық байланыстарды бекіте, тереңдете түсудегі ерен еңбегі. Таяу күндерде Елбасымыз осы жолдағы тағы бір қадамын жасамақшы: 2 желтоқсанға Мемлекет басшысының Түрікменстанға ресми сапары жоспарланған. Оның аясында сол елдің басшыларымен келіссөздер өтеді. Сапар барысында Елбасы Қазақстан, Түрікменстан және Иран аумағы арқылы өтетін «Өзен-Берекет-Гөрган» халықаралық теміржол магистралінің ашылуына қатысады. «Егемен Қазақстан» газеті осы сапар қарсаңында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлінің қазақ пен түрікмен халықтарының тарихи туыстығы, екі елдің тәуелсіздік жылдарындағы байланыстары туралы баяндайтын мақаласын оқырман назарына ұсынды. Мақала «Жақын бауырластықтан - жарқын болашаққа» деген тақырыппен берілген.
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов баспасөз мәслихатын өткізді. Онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік және салалық бағдарламалардың орындалу барысы туралы әңгімелеп, журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді. Басылымның жазуынша, өңірде осы жылдың 10 айында 10 жоба іске қосылған. Нәтижесінде, 6,8 млрд. теңге игеріліп, 654 жұмыс орны ашылған. Жыл соңына дейін қалған 31 жоба іске асырылып, жалпы 3 мыңнан аса жұмыс орындары құрылады екен. Индустрияландыру картасының жобаларымен биылғы жылдың 10 айында 50 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. Басылымның жазуынша, брифинг барысында «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен жіберілген кемшіліктер де журналистердің назарынан тыс қалмады. Облыс басшысы бұл сұраққа да толымды жауап қайтарған. «Есеп комитеті анықтаған кемшіліктер бойынша, 18 млрд. теңге талан-таражға түсті деген дұрыс пікір емес. Бұл - қаражат тексеру методикасы барысында орын алған қателіктер. Оның ішіндегі 12 млрд. теңгесі құрылыс мерзімінің созылғандығынан болған. Бүгінгі таңда ол жобалардың барлығы жұмыс істеп тұр. Кейбірі 2-3 жыл¬дың орнына 4-5 жылда іске қосылса да, бүгінгі таңда қызмет етіп жатыр. Ал орын алған кемшіліктер бойынша, сөз жоқ, біз тиісті шараларды қабылдайтын боламыз. Дегенмен, кінәні басқа біреуге арта салудан аулақпыз. «Егер қандай да бір жоба өңірлерде іске асырылып жатса, онда жергілікті атқарушы органдар да тікелей жауапты болады. Дегенмен, объективтілік үшін айта кетейік, жекелеген жобалардың әкімшілері Су комитеті болып табылады. Сондықтан, бюджеттік бөлуге байланысты біз олардың жұмысына араласа алмаймыз», - еді аймақ басшысы. *** «Айқын» газетінің сенбілік санында Азаматтық альянстың Экология комитетінің басшысы, «Жемқорлыққа қарсы халықтық комитет» қоғамдық қорының төрағасы Мұсағали Дуамбековпен арадағы шағын сұхбат «Жемқорлыққа жойқын соққы жетпей тұр» деген тақырыппен берілді. Басылым тілшісінің сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Әсіресе, жемқорлық сот жүйесін, құқық қорғау органдарын кең жайламағаны жөн. Коррупция туралы айтқанда, кейде мектептерде ата-аналардан бір-екі мың теңге жиналғанын немесе медицина қызметкерлерінің анықтама қағаз үшін ақша алғанын көбірек әңгіме етіп кетеміз. Бұл істе майда-шүйде мәселе жоқ, олармен де күресу керек, бірақ нағыз жағаласуымыз қажет алпауыт жемқорлар басқа жерлерде. Олардан құқық қорғау органдарын, мемлекеттік кірістер мен шығыстар саасын, полиция, прокуратура, сот жүйесін адалап шыққанымыз жөн. Осы құрылымдарда күрес өрістетіліп жатыр», - дейді.
Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Кеңес жұмысына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ассамблеяның ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері қатысты. Осы жиын арқау болған мақала «Айқын» газетінде «Тәуелсіздік пен Тұңғыш Президент - тел ұғым» деген тақырыппен берілді. «Қазақстанның бүгiнгiдей жаңа тұрпатты мемлекет ретiнде қалыптасуында, iшкi тұрақтылық пен халықтың бiрлiгiн нығайтуда Тұңғыш Президентiмiз Н.Назарбаевтың тарихи рөлi өлшеусiз. Елбасы ешбiр мемлекетте болмаған бiрегей қоғамдық институт - Қазақстан халқы ас-самблеясын құрып, этносаралық қатынастарды жетiлдiруде жемiстi iстерге жол ашты. Президенттiң жақында халыққа арнаған «Нұрлы жол» - болашаққа бастар жол» атты Жолдауының рухани тереңдiгi және әлеуметтiк жүгi де аса ауқымды. Бұл бағытта Мемлекет басшысы 2015 жылы бүкiл халық болып атап өтiлетiн ауқымды iс-шараларды айқындап бердi», - деді Г.Әбдіхалықова жиын барысында. Сонымне қатар басылымның жазуынша, өз сөзінде Мемлекеттік хатшы Ассамблеяны институционалдық нығайту бойынша биылғы жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, Мемлекет басшысының «Қазақстан халқы ассамблеясының жылы» деп жариялаған 2015 жылы мемлекеттік этносаясатты одан әрі жетілдіру және Қазақстан халқының бірлігін нығайту жөніндегі негізгі міндеттерді айқындап берген.