Жемқорлықпен қоғам болып күреспей, оны жеңу мүмкін емес - Б. Камалов
Энергетика және байланыс университетіндегі жиынға аталмыш жоғары оқу орнының оқытушы-профессорлар құрамы мен студент жастары, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің өкілдері қатысты.
«Жемқорлықпен қоғам болып күреспей, оны жеңу мүмкін емес. Бұл үшін әрбір Қазақстан азаматының бойына жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру қажет. Бұл жерде, әсіресе өскелең ұрпақпен жұмыс істеу ерекше маңызға ие. Өйткені, жемқорлыққа қарсы тәлім-тәрбиені адам бойына бала кезден сіңірсек қана бұл әлеуметтік жауыздықты жеңуге болады. Сондықтан, бүгінгі таңда мемлекеттік органдар мен барлық оқу орындарында жемқорлыққа қарсы арнайы курстар жүргізілуі тиіс», - деді өзінің алғы сөзінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қ. бойынша департаменті басшысының орынбасары Бақтияр Камалов.
Сонымен қатар ол, қазір ҚР Сенатында «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң жобасы қаралып жатқандығын және елімізде мемлекеттік қызметкерлердің этикасына қатысты жаңа Бірыңғай этикалық кодекс әзірленгендігін айтты.
«Бұл кодекс мемлекеттік қызметкерлердің қызметте және күнделікті өмірдегі жүріс-тұрыстарының жаңа стандартын бекітеді. Соның негізінде алдағы уақытта мемлекеттік органдарда этика бойынша арнайы уәкіл жұмыс істейтін болады. Ол этикалық нормалардың сақталуын қадағалайды. Ал оның қызметін үйлестіру - сәйкесінше осы кодексті әзірлеген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен оны өңірлік департаменттеріне жүктеледі, - деді Б. Камалов.