Жемқорлықпен күрес агенттігі МСМ-нің лауазым иелерінің ұсталуына қатысты пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова Мәдениет және спорт министрлігінің лауазымды қызметкерлерінің парамен ұсталу жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық кодексінің 201-бабына сәйкес, барлық ақпаратты әзірге жариялауға болмайды», - деді Жанна Бастарова ведомствода өткен жиыннан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Ол сонымен бірге, шенеуніктерінің ұсталу жағдайы тіркелгенін растады.

«Иә ондай жағдай болды. Бірақ, бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро мұндай ақпаратты таратпағанын есепке алуды сұраймын. Айтқанымдай, әзірге сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қосымша мәліметтер болған жағдайда біз міндетті түрде Сіздерге хабарлайтын боламыз», - деді Жанна Бастарова.