Жемқорлықпен күрес бүкіл қоғамның ортақ шаруасы - апталық шолу

None
АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан маңызды оқиғаларға толы болды. Атап айтқанда, 15 қазан күні елімізде Құрбан айт мерекесі кеңінен аталды. Сонымен қатар ағымдағы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада «А» басқарушылық корпусы мемлекеттік қызметшілерімен кеңес өткізді. Бұдан бөлек, бүгін «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV съезі өтіп, партияның жаңа Доктринасы қабылданды.

Съезд жұмысына партия Төрағасы, Президент Н. Назарбаев, партияның барлық өңірлік филиалдарынан келген 1200-ге тарта делегат пен үкіметтік емес, жастар ұйымдары, дипломатиялық корпус өкілдері, мәдениет пен спорт қайраткерлері, мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер басшылары сияқты мыңнан астам шақырылған қонақтар қатысты.

Бұл жиын барысында сөз сөйлеген Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин «Нұр Отан» ХДП Доктринасында тәуелсіздік хақындағы тамыры терең, қазығы берік тұжырымдамалар кеңінен еніп отырғандығын атап өтті. «Қазақстан халқының санасына «Елбасы партиясы» деген саяси күш ретінде бекіген «Нұр Отан» партиясының бұл құрылтайы ерекше тарихи жағдайда өтіп отыр. Қазақстан өз дамуының жаңа сатысына көтерілді», - деп атап өтті сенатор. Сонымен қатар, Н. Оразалин күн тәртібіндегі саяси Доктрина ел өміріндегі өзгерістердің түйінделер тұсы мен жаңа дәуір жағдайындағы ахуалдың сұрағы молайып тұрған кезімен тұспа-тұс келіп отырғанын жеткізді.

«Тәуелсіздікке қызмет ету, Тәуелсіздік мұраттарын қорғау, Тәуелсіздік тудырған ұлттық ұстанымдарды бекіту, Тәуелсіз елдің сындарлы саясатын орнықтыру, Тәуелсіз елді өзгенің кең астауына жалтақтатпайтын дербес экономикалық бағыттарды тиянақтау, Тәуелсіз рухани кеңістігін қалыптастыру, төл мәдениетімізді өрістету тәрізді жаңа тұрпатты мемлекет құру мен дамытудың осыншама қадау-қадау қағидаттарын Президентіміз үздіксіз айтып келеді. Жаңа саяси Доктрина съезд талқысына түспес бұрын жалпыхалықтық талқылаудан өтті. Нәтижесінде біраз өзгерістер енгізілді», - деді Сенат депутаты.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Н. Назарбаев қазақ елін дамудың дара жолына бастау елдегі ең қуатты саяси күш «Нұр Отан» партиясына жүктеліп отырғанын мәлім етті. Съезд барысында Елбасы Н. Назарбаев басқосудың орны айрықша екенін атады. «Бүгін өткен 15 жылдың қорытындысын шығару, болашақ бағдарды айқындау тұрғысынан өзгеше күн. Бұл еліміздің «Қазақстан-2050» стратегиясын қабылдағаннан кейінгі партияның алғашқы басқосуы болып саналады. Біз алыс болашаққа көз тігіп, алдымызға биік межелер белгіледік. Қандай мақсатқа, қай жолмен жеткенімізді нақтылап, оның келешек межелерін жүзеге асыруға кірістік. Еліміздің ертеңгі стратегиясын қалай іске асыратынымызды ойластыруымыз керек. Оны мүлтіксіз жүзеге асыру, қазақ елін дамудың дара жолына бастау елдегі ең қуатты саяси күш «Нұр Отан» партиясына жүктеліп отыр», - деді Мемлекет басшысы.

Жиын барысында Н.Назарбаев мемлекеттік тіл мәселесіне барынша ден қоятын кез келгенін қадап айтты. Елбасы «Нұр Отан» мемлекеттік тілді нығайту, қазақтың дәстүрін, мәдениетін жаңғырту жұмыстарының тиімді жүйесін жасауы тиіс дей келе: «Доктринада мемлекеттік тіл ел бірлігінің факторы ретінде аталғаны да аса маңызды. Бұл мәселеге барынша ден қоятын кез келді. Қазақ тілін білу азаматтық парызымыз ғана емес, ұлтқа деген құрметті білдіру болып табылады. Отан дегеніміз отбасындағы өнегелі тәрбиеден басталады. Осыны әрбір азамат есінен шығармауы тиіс», - деп баса айтты.

Елбасының сөзіне қарағанда, «Нұр Отан» партиясы халық мүддесінің бастаушысы болуы үшін депутаттық корпус тарапынан атқарушы билік жұмысын қадағалаудың тиімділігі қажеттілік етеді. Бүгінде жүйелік жаңару қажет. Сондықтан да мұраттар мен құндылықтарды, ұстанымдарды бекітетін саяси Доктрина қабылданып, болашақтың жолы айқындалады. «Біз қазіргі заманғы әлемде сәттілік нақты іс-қимыл стратегиясы бар саяси күштерге ғана серік болатынын айқын білуіміз қажет», - деді Н. Назарбаев.

Мемлекет басшысы өз сөзінде бір жұдырықтай жұмылып отырған халқына алғысын білдірді. «Біз бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсаған арманға қол жеткізгенімізді мақтан ете білуіміз керек. Ұлтымыздың ұлы тарихының жаңа тарауы қуатты да табысты тәуелсіз мемлекеттің шежіресі болып жазылуда. Айтатын сөз біреу-ақ: елдің бірлігі - қазақтың бірлігі», - деді Елбасы. Осы орайда Мемлекет басшысы осы жылдары Қазақстан халқы ерлік пен бірліктің үлгісін көрсеткенін атап өтті. «Соның арқасында осындай табыстарға жеттік. Тәуелсіздіктің қиыншылықпен келіп, оны ұстап қалу оңай емес екенін халқымыз білді. Осыны түсініп отырған, бір жұдырықтай жұмылып отырған халқыма шын жүрегімнен алғысымды айтамын, бақыт тілеймін!», - деп түйді Президент.

Елбасының айтуынша, партиялық көшбасшылықтың принципті мәселесі - сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес. Бұл ретте Н. Назарбаев партия мен құқық қорғау құрылымдарының міндеті сыбайлас жемқорлықпен күресушілерді қорғау екендігін атап өтті. «Мемлекет қазынасынан жұмсалатын әрбір тиын бақылауда болуы керек. Бұл біздің елімізде сыбайлас жемқорлық шектен шығып кетті дегенді білдірмейді. Өйткені, ондай кері құбылыс әлемнің барлық елдерінде, оның ішінде ең дамыған елдерде де бар нәрсе. Алайда, мұның мөлшері қандай? Күресу жолдары ше? Міне, мәселенің мәнісі осында», - деді Мемлекет басшысы.

Осыған орай, Президент сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында жұмысты одан сайын кең ауқымда жалғастырудың қажеттігін атап өтті.

Атап айтқанда, Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен осы съезде партияның жаңа Доктринасы бірауыздан қабылданды.Аталған құжатта «Нұр Отан» партиясының XXI ғасырдағы негізгі миссиясы көрсетілген. Онда Қазақстанды өркендету басты идея болса, Тәуелсіздік еліміздің негізгі жетістігі ретінде қарастырылады. Ал адам, бостандық, бірлік, әділеттілік, заңның үстемдігі, болашаққа ұмтылыс, отбасы және дәстүр басты құндылықтар болып саналады. Сондай-ақ партияның жаңа Доктринасында табысты дамудың жеті факторы бар.

Мұнымен қоса «Нұр Отан» партиясының жаңа атауы бекітілді. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, саяси бюроның кеңейтілген мәжілісінде партияның «халықтық-демократиялық» деген тіркесін алып тастап, «Нұр Отан» партиясы» деп қалдыру ұсынысы жасалған болатын. Осыған орай, бүгін съезге қатысушылар аталған ұсынысты қарап, бірауыздан қабылдады. Сондай-ақ олар партияның жаңа эмблемасын мақұлдады. «Жаңа эмблема ХV съездің логотипі негізінде әзірленді. Күннің шығуы біздің жетістіктеріміз бен жарқын жеңістеріміздің көрінісі болса, таудың шыңы - жоғары мақсаттар мен халықтың ұмтылысы, барыс - күш пен мәрттік, партияның жазуы (эмблемадағы) Елбасының мемлекеттің дамуына қосқан тарихи үлесін көрсетеді. Ал «Нұр Отан» партиясы басымды күш ретінде сол дамудың негізі болуы шарт», - деп атап көрсетті Б.Байбек.

«А» корпусы элита емес, бұл халықтық қызмет

17 қазанда Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «А» басқарушылық корпусы мемлекеттік қызметшілерімен кеңесте «А» корпусына өткізілген іріктеу қорытындысы шығарылып, меритократия, ашықтық және қоғамға есептілік қағидаттары бойынша мемлекеттік қызметті одан әрі жаңғырту жөнінде тапсырма берілді.

Мемлекет басшысы аса маңызды стратегиялық міндетті іске асыруда олардан зор жауапкершілік талап етілетінін кеңеске қатысушылардың есіне салып өтті. Өз сөзінде Қазақстан Президенті бұл кездесудің мұндай форматта алғаш рет өтіп отырғанына тоқталды.

«Осы залда барлық басқарушы саланың, биліктің барлық деңгейінің және барлық өңірдің өкілдері отыр. Біздің кездесуіміз - тарихи кездесу. «А» корпусының құрылуы еліміздегі кәсіби мемлекеттік аппараттың дамуының бір кезеңін аяқтап, келесі кезеңін бастайды. Мен әрдайым Қазақстанның табысты дамуын сауатты басқарушылардың қажырлы еңбегімен, әділ, ұстанымы берік халық қызметшілерімен байланыстырып келемін. Қазақстан ТМД аумағында ең бірінші болып «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң қабылдады. Біздің тарапымыздан «Қазақстан - 2030» тарихи стратегиясы мерзімінен бұрын жүзеге асырылды, «Кәсіби Үкімет» оның басымдығы болды. Біз ондағы жүйелі міндеттерді шештік. Біздің мемлекеттік аппарат кәсіби, жауапты, қарқындырақ бола түсті», - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы «А» корпусына конкурс өткізу арқылы талантты және табысты басқарушылар үшін транспарентті әлеуметтік лифт жасалғанын айтты. Президенттің сөзіне қарағанда, өткізілген конкурс мәселесі - енді келешектің ісі және оған талдау жасау керек. Аудандар әкімдерінен бастап Әділет министрлігінің қызметкерлеріне дейін заңнаманың барлық тармағын терең білу жөнінде ортақ талап қойылды. Бұл арада Мемлекеттік қызмет істері агенттігі соңына дейін бәрін пысықтады. «Көш жүре түзеледі деп санауға болады. Мен конкурс барысында үміткерлердің кейбіреуі тек бір-екі балл ала алмай қалғанын білемін. Бұл қол қусырып отыруға себеп емес. Сөз жоқ, «А» корпусы қатып қалған кадрлық құрылым емес. Ең лайықты деген қызметшілер саяси мемлекеттік қызмет қатарын толықтыратын болады. Бұл залда орталық ведомстволардың, мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың болашақ басшылары отыр деп сенемін. Ал олардың нақты кім екенін уақыт және сіздердің әрқайсыңыздың талантыңыз анықтайды», - дейді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев «А» корпусының тиімді жұмыс істеуінің маңыздылығын ескере отырып, оған кіретін мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін жақсарту жүйесін ойлаған жөн екендігін атап өтті. Қызметкерлердің материалдық қамтылуы лайықты деңгейде болуы маңызды. Бір жағынан, мемлекеттік қызметшілерге, ең алдымен «А» корпусына жоғары жалақы төлеу - сыбайлас жемқорлыққа қарсы амал. Мемлекет басшысының айтуынша, табыс тіршілікке, отбасын асырауға жеткілікті болуы тиіс, сондықтан келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап аталған корпустағы қызметкерлердің жалақылары 50 пайызға ұлғаятын болады.