ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті және облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті арасында медицина саласындағы жемқорлықты жою мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мұндағы мақсат – денсаулық сақтау жүйесіндегі және фармацевтикалық қызметтегі сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік көзқарасты қалыптастыру, жемқорлық тәуекелдерін азайту.
«Біз бірінші кезекте бұл саланың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Меморандум аясында медицина және фармацевтика қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіледі. Сондай-ақ «Шығыс-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің және аймақтық ақпараттық-ағартушылық штабы мүшелерінің қатысуымен «Жасырын сатып алушы» тәсілі арқылы қоғамдық бақылау жүргізілмек», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Жігер Байдилдин.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.