Жемқорлықпен күрес: Түркістан облысында қоғам белсенділері марапатталды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыруға үлес қосып жүрген қоғам белсенділері марапатталды. Аталған шара «9 желтоқсан - Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне» орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті өткізген шараға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен қалалық және аудандық әкімдіктердің баспасөз хатшылары қатысты. Сонымен қатар, арнайы мониторингілік топ және ақпараттық-ағартушылық штаб мүшелері, «Түркістан-адалдық алаңы» жобалық кеңсе менеджерлері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымдастырылған байқау жеңімпаздары арнайы шақырылды.

Салтанатты жиында жыл бойы департамент атқарған жұмыстар барысы баяндалып, арнайы әзірленген бейнеролик көрсетілді. Шарада алғашқы болып сөз алған Департамент басшысы Хаким Көшқалиев облыс көлемінде әлеуметтік дертке қарсы саясаттың іске асырылуы аясында атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Сондай-ақ, арнайы мониторингтік топ мүшелері өз ойларымен бөлісті. Жиын соңында сыбайлас жемқорлықпен күресуде белсенділік танытқан азаматтарға түрлі номинациялар бойынша арнайы алғыс хаттар мен грамоталар, дипломдар табысталды. Сондай-ақ, департамент қызметкерлерінің қатысуымен түсірілген «1424» көркем фильмінің кезекті көрсетілімі жиынға қатысушылар назарына ұсынылды.