Жемқорлықпен күрес заңнамасында ЕҚЫҰ сарапшыларының пікіріне баса назар аударылады
Сарапшылар деңгейіндегі сұндай кездесудің мақсаты Мәжіліс қарауында жатқан заң жобасына байланысты туындаған проблемаларға мамандардың мейлінше назарын аудару болып табылады. Осыған орай, жиынға заң жобасымен тікелей жұмыс жасайтын тарап пен оны жетілдіру үшін қажетті ақпараттарға ие болып табылатын сарапшылар шақырылған. «Бұл ретте біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық база мен құқық қолдану практикасын жаһандық аспектіде толық ұғынатын ЕҚЫҰ сарапшыларына ерекше үміт артамыз», - дейді жиын барысында сөз сөйлеген Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Светлана Бычкова. Оның сөзіне қарағанда, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды қамтитын заң жобасы сыбайластықпен күрес бойынша осы саладағы қазақстандық Конвенцияға айналуы шарт. Бұл ретте заң жобасы жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың заманауи басымдықтарына сәйкес, жемқорлыққа қарсы саясаттың құқықтық негіздерін тұтастай жүйе ретінде қамтуы керек. «Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жалпыұлттық міндет болып табылады. Сондықтан да, жемқорлықпен күрес шараларына барлық мүдделі тарапты, оның ішінде қарапайым жұртшылық пен қоғамдық институттар өкілдерін белсенді тартуды көздейміз. Әрбір мемлекеттік орган, әрбір үкіметтік емес ұйымдар, ең бастысы әрбір азамат бұл бағытта ол қандай мүмкіндіктерге ие екенін білуі, қандай қадамдарға бара алатындығын және нені жасау міндетті екенін білуі қажет. Біз заңды оқу арқылы азаматтар жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесі туралы анық әрі айқын түсінік алуы қажет», - дейді С. Бычкова.