Женевада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының 78-сессиясы басталды

Фото: Фото: Анадолы

ЖЕНЕВА.  KAZINFORM — Швейцарияның Женева қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) ең жоғарғы шешім қабылдайтын органы — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының (ДДСА) 78-сессиясы ашылды, деп жазды Анадолы агенттігі.

Газа секторындағы блокадаға байланысты ашаршылық пен гуманитарлық апат қаупі артып отыр, – деп мәлімдеді ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.

БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінде өтіп жатқан ашылу салтанатында сессия төрағасы болып Филиппин денсаулық сақтау министрі Теодоро Хавьер Хербоса сайланды.

ДДCҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде, Газа секторында полиомиелитке қарсы вакциналау науқанының арқасында аурудың таралуының алдын алу мүмкін болғанын айтты. Алайда, оның айтуынша, аймақ халқы әлі де көптеген қауіп-қатерге тап болып отыр.

— Соңғы блокададан бері екі ай өтті. Екі миллион адам аштықтан қырылып жатқанда, 116 мың тонна азық-түлік шекарада, көлікпен санаулы минуттық жерде тұрып қалған. Гуманитарлық көмекті, соның ішінде азық-түлікті әдейі бөгеп ұстау — Газадағы ашаршылық қаупін күшейте түсті. Қақтығыстың ушығуы, эвакуацияға қатысты бұйрықтар, гуманитарлық кеңістіктің тарылуы және көмек көрсетудің бөгелуі — денсаулық сақтау жүйесін күйретіп, жаппай адам өліміне әкеліп соқты, — деді ол.

ДДСҰ басшысының айтуынша, дәрі-дәрмектер шекарада тұрған кезде, Газа тұрғындары алдын алуға болатын аурулардан көз жұмып жатыр, ал ауруханаларға жасалған шабуыл салдарынан медициналық көмек көрсету мүмкін болмай отыр.

Гебрейесустың мәліметінше, 2023 жылдың қарашасынан бері ДДСҰ 7300-ден астам науқасты, оның ішінде 617 онкологиялық ауруы бар адамды медициналық эвакуациямен қамтамасыз еткен. Алайда Газа секторында әлі де 10 мыңнан астам адам шұғыл эвакуацияға мұқтаж.

— Біз ДДСҰ-ға мүше елдерге тағы да көбірек науқастарды қабылдауды сұраймыз. Сонымен қатар, Израиль эвакуацияға рұқсат беріп, өмірлік маңызды азық-түлік пен дәрі-дәрмектердің кіруіне жол ашуын талап етеміз, — деп атап өтті ол.

Бұған дейін хабарланғандай, Газа секторындағы гуманитарлық көмек таусылды, аштық күшейіп барады.