Женевада Иран мен Еуропа елдері арасындағы келіссөз басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Иранның сыртқы істер министрі Аббас Еуроодақ дипломаттарымен келіссөз жүргізу үшін Женеваға келді, алайда Израиль шабуылды тоқтатпайынша, Иран диалогқа дайын емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Иран мен Еуропа елдері әскери қақтығыс басталғаннан бері алғаш рет тікелей байланыс орнатты. Жұма күні Женеваға Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи келіп, Ұлыбритания, Германия, Франция сыртқы істер министрлерімен және ЕО-ның сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілімен кездесті.
- Біз мұнда талқылау үшін емес, тыңдау үшін келдік,- деді Аббас Аракчи.
Келіссөз қарсаңында ирандық министр мемлекеттік телеарнаға сұхбат беріп, кездесуге қатысатынын растады, бірақ Тегеран шабуыл жалғасқан жағдайда келіссөз жүргізуге ниетті емес екенін айтты.
— Америкалықтар келіссөзге ниетті екенін бірнеше рет білдірді, бірақ біз ұстанымызды ашық жеткіздік, агрессия жалғасып жатқанда, диалог мүмкін емес. Біз бұл қылмысқа серіктес болған АҚШ-пен келіссөз жүргізбейміз, - дейді А. Аракчи.
Министр Женеваға еуропалықтардың ұсынысын тыңдау үшін келген, алайда «Израиль әскері Иранға соққы беріп жатқанда ешқандай келіссөз туралы сөз болуы мүмкін емес», - деп отыр.
Сонымен қатар, Тегеран дипломатиялық арнаны мүлде жабуға тырыспайды, ресми өкілдер Иранның болашақта диалогқа қайта оралу мүмкіндігін сақтап отырғанын атап өтті.
Еуропа дипломатиясы «терезені» пайдалануға тырысып жатыр
Женевадағы кездесу — Батыс елдерінің жалғасып жатқан қақтығыс аясында дипломатиялық процесті қайта жандандыруға алғашқы талпынысы.
Кездесуге Ұлыбритания, Франция және Германия сыртқы істер министрлері, сондай-ақ Еуропалық Одақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас қатысты.
Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Дэвид Лэммидің айтуынша, қазіргі жағдайдың ушығуына жол бермейтін мүмкіндіктер бар.
— Қазір мүмкін, бар болғаны екі аптаға ғана созылатын дипломатиялық шешімге қол жеткізуге арналған мүмкіндік бар, — деді ол Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігі жариялаған мәлімдемеде.
Женеваға сапар алдында Лэмми Вашингтонда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен және Ақ үйдің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында қақтығысты тежеу әрекеттері, Иранның ядролық бағдарламасы және АҚШ-тың Израиль әскери кампаниясына араласу ықтималдығы талқыланды.
— Таяу Шығыстағы жағдай әлі де аса қауіпті болып отыр. Біз Иранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеуге толық бел байладық, — деп мәлімдеді Лэмми.
Трамп ойлануға екі апта уақыт берді
Ақ үйдің ресми өкілі Кэролайн Левит бейсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамптың мәлімдемесін оқып берді. Мәлімдемеде алдағы екі апта ішінде АҚШ-тың Иранға қарсы Израильдің әскери әрекеттеріне қатысуы туралы шешім қабылданатыны айтылған.
— Иранмен алдағы уақытта маңызды келіссөз өтуі мүмкін деген айтарлықтай ықтималдықты ескере отырып, мен келесі екі апта ішінде бұл әскери іс-қимылға қатысамын ба, жоқ па, шешім қабылдаймын, — делінген Ақ үй таратқан мәлімдемеде.
Еуропалық дипломаттар сол екі аптаны дипломатиялық реттеуге қол жеткізуге тырысатын шешуші кезең ретінде қарастырып отыр.
Тәуекел, үміт пен шынайылық
Женевадағы кездесу аймақта ашық қақтығыс қаупі артып келе жатқан жағдайда өтіп отыр. Шенеуніктердің айтуынша, аталған келіссөз келесі аптада Гаагада өтетін НАТО көшбасшыларының саммиті қарсаңында дипломатиялық серпін қалыптастыруға бағытталған. Саммиттің күн тәртібінде Таяу Шығыстағы қауіпсіздікке қатысты кең ауқымды талқылау жоспарланған.
Айта кетейік, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 20 маусымда Таяу Шығыс пен Украинаға қатысты екі отырыс өткізеді.
Еуроодақ Таяу Шығыстан өз азаматтарын эвакуациялау үшін азаматтық қорғаныс механизмін іске қосты.
Еске салайық, Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс күшейе түсті.
Сондай-ақ БҰҰ бас құқық қорғаушысы Иран мен Израильді гуманитарлық заңдарды сақтауға шақырды.