Женевада Қазақстандағы адам құқығының жағдайына қатысты есеп тыңдалады

АСТАНА. Ақпанның 8-і. ҚазАқпарат /Ерұр Ақанбай/ - Ақпанның 12-сі және 16-сы аралығында Швейцарияның Женева қаласында Әмбебап кезеңдік шолу жұмыс тобының 7-ші сессиясы өтеді.

Соның шеңберінде Қазақстандағы адам құқығының жағдайына қатысты есеп тыңдалады. Оған қатысатын еліміздің ведомствоаралық делегациясын Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев бастап барады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахмановтың айтуынша, қазақстандық делегация өкілдерінінің қатысуымен болатын шолу үш сағаттық интерактивтік диалог формасында өтеді. Оған БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің өкілдері жіберілетін болады.

«Әмбебап кезеңдік шолу механизмі БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің шешімімен 2008 жылдың сәуір айында іске қосылған болатын. Оған сәйкес БҰҰ-ға мүше 192 мемлекет төрт жылда бір рет аталмыш шолудан өтіп отырулары тиіс», деді ресми өкіл.