Жиынға Африка, Латын Америкасы мен Кариб бассейні, Оңтүстік-Шығыс Азия және Тынық мұхитының оңтүстігіндегі ядролық қарудан азат аймақтарға кіретін мемлекеттердің өкілдері қатысты. Сондай-ақ басқосуға ядролық державалар, Қарусыздану жөніндегі конференцияға мүше елдер мен халықаралық әрі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жиналды.
Женевадағы БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Ержан Қазыхан мен Женевадағы БҰҰ кеңсесінің Бас директоры Татьяна Валовая қатысушылар алдында сөз сөйледі.
Қазақстан елшісі еліміздің ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау жөніндегі әлемдік бастамаларға қосқан үлесін атап өтіп, Семей келісімінің саяси әрі практикалық мәніне тоқталды.
— Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақтың 20 жылдығы аталып жатқан тұста оған төрағалық ету — Қазақстан үшін айрықша мәртебе. Бұл мерейтой өткен жетістіктерді саралап қана қоймай, ядролық қатер күшейген кезеңде Орталық Азияның тәжірибесін бағамдауға мүмкіндік береді, — деді Ержан Қазыхан.
Ол бүгінде әлемдегі ахуал барған сайын шиеленісіп бара жатқанын айтты. Оның айтуынша, стратегиялық бәсекелестік күшейіп, қару-жарақты бақылаудың негізгі тетіктеріне қысым артып келеді. Ал ядролық қаруды таратпау мен қарусызданудың халықаралық жүйесі елеулі сын-қатерлерге тап болып отыр.
— Осындай жағдайда ядролық қарудан азат аймақтар тұрақтылық пен өзара сенімді нығайтып, ұстамдылықты сақтауға ықпал етеді. Олар қауіпсіздікке ядролық қару арқылы емес, заңды міндеттемелер, ашықтық, бақылау және ынтымақтастық арқылы қол жеткізуге болатынын дәлелдейді. Орталық Азия — осының айқын үлгісі. Кезінде мұнда ядролық сынақтар жүргізілген және жаппай қырып-жоятын қару орналасқан. Бүгінде біздің ел ядролық қарудан азат аймаққа айналды, — деді Ержан Қазыхан.
Айта кетейік, халықаралық деңгейде «Семей келісімі» деп аталатын құжатқа 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семейде Орталық Азияның бес елінің сыртқы істер министрлері қол қойған.
Биыл Женевадан бөлек, Вена мен Нью-Йоркте де осындай жиындар өтеді. Олар 2026 жылғы үш айтулы датаға арналған: Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына — 35 жыл, Семей келісіміне — 20 жыл және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың қабылданғанына — 30 жыл.
Бұған дейін Семей ядролық қауіпсіздік аймағының шекарасы толық белгіленгені хабарланған болатын.
Ақзат Жиеналина