Женевадағы ақпараттық технологиялар байқауында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жеңімпаз атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Женевада барлығына ашық ақпараттық қоғам құруға бағытталған жобалар байқауының жеңімпаздары жарияланды. Қазақстанның «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ «Ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылым» аталымында марапатқа ие болды. Бұл туралы БҰҰ сайты хабарлады.

Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭО) бас хатшысы Хоулинь Чжао ақпараттық қоғам мәселелері бойынша бүкіләлемдік форумның ашылуында байқаудың 18 жеңімпазын атады. Форум Женевада өтуде.

Байқауға 311 жоба ұсынылды.

«Халықаралық электр байланысы одағы мен серіктестері Ақпараттық коммуникациялар технологиясы БҰҰ-ның тұрақты даму саласындағы 17 мақсатына қол жеткізу жолында шешуші маңызға ие екеніне сенімді», - деді ХЭО бас хатшысы Хоулинь Чжао. Ол технологияны адамдар өмірін жақсарту және олардың әл-ауқатын дамытуға қолданатын үкіметтіктен бастап АКТ саласындағы алпауыт компаниялардың және үкіметтік емес ұйымдарға дейін осы байқауға қатыса алатындығын атап өтті.

Грузиядағы қолданбалы математика Институты да жеңімпаздар қатарында, олар «Электрондық ғылыми қызмет» аталымында марапатқа ие болды.