Жеңіл атлетика: Әлем чемпионатында ел намысын 2 спортшы қорғайды

АСТАНА. Қазақпарат - Бүгін, Финляндияның Тампер қаласында жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Жеңіл атлетика федерациясы таратқан мәліметтерге сүйенсек, жарысқа 1999 жылдан бері қарай туған балғын споршылар қатысады.

15 шілдеге дейін жалғасатын жарыста Қазақстанның намысын екі спортшы қорғайды. Олар  - Давид Ефремов пен Екатерина Шлыкова.

Тампердегі «Ратина» стадионында өтетін әлем біріншілігіне 150 мемлекеттен 1400 спортшы бақ сынамақ.

110 метрге тосқауылдар арқылы жүгіретін Ефремов жарыс жолына 11 шілде күні шығады. Іріктеу кезеңдері Астана уақыты 12:30-да басталады. Сол күні кешкі 19:40-та жартылай финал өтеді. Ал финал шілденің 12-сінен 13-не қараған түні сағат 00-00-ге жоспарланған.

Спорттық жүрістен бақ сынайтын Екатерина Шлыкова 14 шілде күні өнер көрсетеді. Ол 10 шақырымдық қашықтық бойынша қатысады. Басталуы - Астана уақыты бойынша 12:35.