Халықаралық турнирлер қорытындысы бойынша он жеті қазақстандық жеңіл атлет әлем чемпионатына жолдама ұтып алды.
Мәскеуде ерлер командасының құрамында Георгий Шейко және Виталий Аничкин (спорттық жүріс), Михаил Красилов (марафон), Роман Валиев (үш қарғып секіру), Никита Филиппов (сырықпен секіру), Константин Сафронов (ұзындыққа секіру) және Дмитрий Карпов (онсайыс) қатысады.
Әйелдерден Ресейге Ольга Сафронова, Виктория Зябкина, Маргарита Мұқашева (жүгіру), Галина Кичигина, Айман және Шолпан Кожахметовалар (спорттық жүріс), Анастасия Сопрунова (кедергілермен жүгіру), Марина Аитова (биіктікке секіру), Ирина Карпова (жеті сайыс), Ирина Эктова (үш қарғып секіру) аттанады.
Командадағы ең тәжірибелі спортшы Афинадағы Олимпиада жүлдегері, онсайыс бойынша әлем чемпионатының жүлдегері Дмитрий Карпов болмақ. Спортшы бір ай бұрын Азия чемпионы атанды. Сондай-ақ, жақында Универсиада чемпионы атанған желаяқ Маргарита Мұқашева біріншілікте жүлдеге қол созуға талпынады. Жаттықтырушылар штабы биылғы маусымда жақсы нәтижелер көрсеткен Марина Аитова және Никита Филипповқа үміт артады.
Үш қарғып секіруден Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова әлем чемпионатына қатыспайды. Биыл спортшы демалады, оның үстіне ол жақында ғана ұл туды.