Жеңіл атлетикадан Азиядағы ең үздік турнирлердің бірі саналатын дәстүрлі «Қосанов мемориалы» өтеді
Биыл 22-інші рет ұйымдастырылып отырған бұл байрақты бәсеке «Азия жұлдыздары» IV Халықаралық турнирімен бірге өткелі отыр.
ҚР Жеңіл атлетика федерациясының бас хатшысы Алексей Конраттың айтуынша, онда «Азия жұлдыздары» додасына қатысатын елдердің командалары бақ сынайды. Атап айтқанда Иран, Қырғызстан, Үндістан, Филиппин және оған қатыспайтын Әзірбайжан, Грузия, Ресей, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстаннан арнайы келетін өзге де спортшылар қатысады.
1960 жылы Рим Олимпиадасында 4х100 метрлік эстафетада күміс жүлдегер атанған Ғұсман Қосанов Қазақстан спорты тарихында Олимпиада ойындарының күміс медалін жеңіп алған тұңғыш спортшы болды. 1964 жылы Токиодағы Олимпиада ойындарында үздік бестіктің қатарына енген ол 1967 жылдан бастап жаттықтырушылық қызметпен айналысады. Ғ.Қосанов спорттағы жетістіктері үшін әр жылдары КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы атақтарына ие болып, Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталған.