Жеңіл атлеттер қаңтарда Өскеменде оқу-жаттығу өткізеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жеңіл атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасы кезекті оқу-жаттығу жиынын 8-21 қаңтар аралығында Өскеменде өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Жеңіл атлетика федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл жеңіл атлеттер үшін жаңа маусым алдындағы төртінші оқу-жаттығу жиыны болмақ. Бұған дейін ұлттық құрама 9-26 қазан, 7-24 қараша аралығында Түркияның Белек қаласында және 7-23 желтоқсанда Өскеменде дайындалған еді.

Қаңтардағы оқу-жаттығу жиынының мақсаты - жабық кешендегі Азия чемпионатына дайындық жүргізу. Құрлық біріншілігі 1-3 ақпан аралығында Иран астанасы Тегеран қаласында өтеді. Ал қаңтарда елімізде үш жарыс өтеді. Алдымен Қазақстан кубогы (10-11 қаңтар) одан кейін Қазақстан чемпионаты (15-17 қаңтар) бар. Соңғысы - Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған халықаралық турнир (20 қаңтар). Үш жарыс та Өскемен қаласында өтеді.