Жеңіл өнеркәсіпшілер СТ-KZ үлгісіндегі сәйкестік сертификатын өзгерту қажет деп санайды

АЛМАТЫ. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жеңіл өнеркәсіп саласында СТ-KZ үлгісіндегі сәйкестік сертификаты өндірісшілердің жұмысына кедергілер жасауда. Бұл мәселе бүгін Алматыда өтіп жатқан "Жеңіл өнеркәсіптегі қазақстандық үлес" деп аталатын конференцияда жан-жақты талқыланып жатыр.

"Қазір СТ-KZ үлгісіндегі сәйкестік сертификатына өндіріске қатысы аз делдалдар жылдам қол жеткізуде. Ал тікелей өнім өндіретін кәсіпорындар үшін бұл қолбайлау болып отыр. Тендер кезінде көбіне-көп өндірісшілер емес, делдалдықпен айналысатындар жеңіске жетуде", дейді "Алпамыс" аяқ-киім фабрикасы" ЖШС директоры Алмагүл Сауденова.

Оның бұл пікірін әріптестері ғана емес, "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ның Сатып алу және қамтамасыз ету басқармасының мамандары да қоштады. Лауазымды қызметкерлердің айтуынша, тендерлерге өтініш білдіргендердің басым бөлігі кейін өндірістік-материалдық базасы жоқ кездейсоқ фирмалар боп шығуда. Әйтсе де олардың қолында сәйкестік сертификаттары бар. Сондықтан нағыз өндірісшілер мен делдалдарды айыруға СТ-KZ үлгісіндегі сәйкестік сертификаты жеткіліксіз болып отыр.