Жеңіліп көрмеген америкалық боксшы Шүменовті жекпе-жекке шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық боксшы Эндрю Табити (14-0, 12 КО) қазақстандық Бейбіт Шүменовпен (17-2, 11 КО) рингте кездескісі келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sports.kz.

«Бұл жігіттің маған тиесілі дүниелерді иеленгенінен шаршадым!», - деп жазды Табити өзінің инстаграм парақшасына.

Шүменов - бірінші ауыр салмақта WBA «тұрақты» чемпионы. Табити бұл ұйым рейтингінде 11-орында тұр, бірақ WBC рейтингінде төртінші орында келе жатыр. Сондай-ақ, Солтүстікамерикалық бокс федерациясының (NABF) чемпиондық атағына ие.

Еске сала кетсек, Бейбіт Шүменов пен WBA бойынша әлемнің «уақытша» чемпионы Юниер Дортикостың 29 сәуірге жоспарланған жекпе-жегі жерлесіміздің жарақатына байланысты өтпейтін болды.