Атап айтқанда, Ресей Федерациясының әскери қызметшілерінен қабылданған Жеңіс эстафетасы еліміздің шығыс өңірі арқылы Қазақстанның түрлі қалаларында әскери қызметшілерге салтанатты түрде беріліп отырды. Осы орайда эстафета он екі күн ішінде Өскемен, Астана, Алматы және Тараз қалаларында болды. Іс-шараның соңы «Қордай» өткізу пунктінде (Жамбыл облысы) эстафетаны Қырғызстанның әскери қызметшілеріне табыс етумен аяқталды. Жеңіс эстафетасы жүріп өткен жолда орналасқан елді мекендердің тұрғындары қатысушыларды қуана қарсы алып жатты. Эстафета жүріп өткен жерлерде мерекелік іс-шаралар, концерттер ұйымдастырылды.
«Жеңіс эстафетасы - өскелең ұрпаққа Ұлы Отан соғысындағы батыр бабаларымыз жасаған ерлікті дәріптеу, сондай-ақ біздің бейбіт болашағымыз үшін сұрапыл соғысты бастан кешкен ҰОС ардагерлеріне тағзым ету болып табылады», - делінген ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінде.