Жеңіс Қасымбек 20 мың жұмыс орнын қалай ашатынын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобаларының арқасында 20 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл туралы бүгін «бір белдеу - бір жол» бастамасының 5 жылдығына арналған Қазақстан-Қытай бизнес форумында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«5 жылдың ішінде біз бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске қостық. Олар: Ляньюньган порты, Қытаймен шекарадағы Қорғас құрғақ порты, Каспий теңізіндегі Ақтау порты,  Орталық Азия елдерін Парсы шығанағымен және Иранның оңтүстігіндегі Бандар-Аббас портымен қосатын, жалпы ұзындығы шамамен 900 шақырым «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» жаңа теміржол дәлізі, бір бөлігі Қазақстан аумағы арқылы өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі. Қабылданған шаралар Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға жүктерді 15 күнге жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте теңіз жолымен тасымал 2-2,5 жарыс есе көп уақыт алады», - деді министр.

Сонымен қатар ол индустрияландыру және инвестиция саласындағы ынтымақтастық аясында бірлескен қазақстандық-қытайлық жобаларды жүзеге асыру белсенді жүргізіліп жатқанын айтты. Оған жалпы сомасы 27 млрд доллардан асып жығылатын 51 жоба кіреді.

«Біз осы жобалардың есебінен шамамен 20 мың тұрақты жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде жүзеге асырылған жобалар бар», - деді Жеңіс Қасымбек.
 

Мәселен, министрдің дерегінше, Қостанай облысында Джак маркалы жеңіл автомобильдерді шығаратын жоба, Павлодар облысында ұнтақ полипропилен өндірісі, Солтүстік Қазақстан облысында рапс майы өндірісі іске қосылған.