Министрдің айтуынша, инфрақұрылым құрылысының баяу жүргізілуі арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың басты кедергісі болып отыр.
«АЭА дамуына кедергі келтіріп отырған жүйелі мәселелердің бірі инфрақұрылым құрылысының баяу жүргізілуі. Әлемдік тәжірибеде инфрақұрылым құрылысының орташа мерзімі үш жылды құрайды. Біздегі бірқатар АЭА-да бұл мерзім 5-6 жылға созылып кетті», - деді Жеңіс Қасымбек Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Ол Астана мен Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі (ҰИМХТ) арнайы экономикалық аймақтарының құрылғанына 10 жыл толғанын және инфрақұрылымның толық аяқталмағанын атап өтті. Астана АЭА 60 учаскесі әлі күнге дейін жылумен қамтамасыз етілмеген.
«Павлодар АЭА инфрақұрылымына 3-4 млрд теңге бөлінді және оның инфрақұрылымының дайындығы 20% ғана құрайды. Инвесторлар үлкен қызығушылық танытып отырғандықтан, Павлодардағы 650 га болатын АЭА құрылысын аяқтау керек. Әкімдіктің деректеріне сәйкес, ықтимал инвесторлар бар, сондықтан қалған төрт АЭА құрылысын аяқтау қажет. Олар Астана, Павлодар, Ақтау теңіз порты және ҰИМХТ. Сонымен бірге, құрылыс кезеңдері мен сұралатын сомаларды тиімдірек пайдалануды сұраймын», - деп толықтырды Жеңіс Қасымбек.