Жеңіс Қасымбек әкімдерге: Әрбір кездесуден кейін проблемаларды шешу жоспары әзірленсін

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерінің жылдық күнтізбесі әзірленеді. Жаңа тәртіпті өңір басшысы Жеңіс Қасымбек аппараттық кеңесте түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі аудандар мен қалалардың тұрғындарымен жарты жылда бір рет кездеседі. Қалалардың, аудандардың, ауылдар мен кенттердің әкімдері кездесулерді тұрақты – тоқсанына кемінде бір рет өткізуі тиіс.

«Біздің облыс бойынша барлық деңгейдегі әкімдер жылына 1 660 кездесу өткізеді. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасарлары өңірлерге кем дегенде жарты жылда бір рет баратын болады. Бір елді мекенге бірнеше рет бара беріп, кездесулерді қайталамауды сұраймын. Әрбір кездесуден кейін проблемалық мәселелерді шешу бойынша іс-қимыл жоспары әзірленеді», – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі Жезқазған, Сәтбаев, Приозёрск және Балқаш тұрғындарымен кездесу өткізгенін еске салды. Келесі есеп Ақтоғай ауданында жоспарланып отыр.

Жеңіс Қасымбек есеп беру кездесулерінің кестесі туралы тұрғындарды алдын ала хабардар етуді тапсырды.