Жеңіс Қасымбек: Цифрландыру - ТҮКШ саласын трансформациялаудың негізі

АСТАНА. ҚазАқпарат -  ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек цифрландыру - ТҮКШ саласын трансформациялаудың негізі болатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қызметін біз күнделікті пайдаланамыз. Ол еліміздегі әрбір азаматтың өміріне қатысты маңызды қызмет. Сонымен бірге, осы саланы бәрі де сынауға құмар екенін білесіздер. Біз қызметттің сапасы мен саланың ашықтығын жиі сын садағына іліктіріп жатамыз. Міне, сондықтан, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық секторына цифрландырудың енгізілуі заман талабы ғана емес, ол - қарапайым қажеттілік. Цифрландыру ТҮКШ саласын трансформациялаудың негізі болары анық», - дейді министр.

Жеңіс Қасымбек атап өткендей, Қазақстанда қазіргі уақытта аталмыш саланы жан-жақты қолдау үшін реформалар жүргізіліп жатыр.

«Бүгінгі таңда Парламентте тұрғын үй қарым-қатынасы туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Бұл жерде еліміздегі тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласындағы жаңа жүйені толыққанды құру туралы сөз болып отыр. Осыған байланысты бірқатар тапсырма бар. Әрине, ең біріншіден, шаруашылықтар көрсететін қызметтің сапасын арттыру керек. Екіншіден, ТҮКШ саласындағы қауіпсіздікке маңыз бергіміз келеді. Үшіншіден, тарифтерді белгілеудегі ашықтық, осы саладағы шығындардың есебінің ашықтығы ескеріледі. Сондықтан, цифрландыру мәселесі ТҮКШ саласы мен оны дамытуда ең маңызды жұмыстардың бірі болып табылады», - дейді министр.

Айта кетсек, Астанада ҚР Инвестициялар және даму министрлігі «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ-пен бірлесіп, «ТҮКШ-ін цифрландыру: ашықтық және сапа» атты іс-шара өткізіп жатыр.