Жеңіс Қасымбек елімізде еңбек өнімділігін арттыруға кедергі келтіретін факторларды атады

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет басшысынан өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігінің өсімін қамтамасыз ету шараларын қабылдау үшін өңірлерге тапсырма беруді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Үкімет отырысында баяндама жасаған Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2018 жылдың жарты жылдығының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігінің индексі 98,2 пайызды құраған. Өңдеу өнеркәсібіндегі кері динамика саланың 40 пайыздан астамын қамтитын металлургиядағы еңбек өнімділігінің төмендеуімен байланысты болып отыр.

«Көрсеткіштің төмендеуі жыл басынан бері негізгі металл түрлері бағаларының орташа 9-20 пайызға құлдырауынан болып отыр. Атап айтқанда, мырыш 20 пайызға, алюминий 8 пайызға, мыс 13 пайызға, қорғасын 23 пайызға, күміс 9 пайызға төмендеді. Өткен жылы фармацевтика саласындағы өнімділік 138,3 пайызды құраған болатын. Биыл өткен жылғы базаның жоғары болуына байланысты көрсеткіш 17,4 пайызға қысқарды», - деді министр.

Жеңіс Қасымбек атап өткендей, көрсеткіштердің төмендеуіне қарамастан, бірқатар секторда оң динамика бар. Мысалы, өнімділік көлік жасауда 11,5 пайызға, химия өнеркәсібінде 9,2 пайызға және жеңіл өнеркәсіпте 1,6 пайызға ұлғайған.

«2018 жылдың жартыжылдығында 9 өңірде еңбек өнімділігі өсті. Олар: Қызылорда (153,9 пайыз), Батыс Қазақстан (126,3 пайыз), Маңғыстау (122,9 пайыз), Қостанай (108,7 пайыз), Ақтөбе (105,3 пайыз), Павлодар (104,7 пайыз), Ақмола (104,2 пайыз), Қарағанды (100,2 пайыз) облыстары және Алматы қаласы (108,0 пайыз). Бақытжан Әбдірұлы, мемлекеттік бағдарламада жоспарланған өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігінің өсімін қамтамасыз ету шараларын қабылдау үшін өңірлерге тапсырма беруіңізді сұраймын», - деді ол.

Сонымен бірге, министр еңбек өнімділігін арттыруға кедергі болатын тағы бір фактор - өңдеу өнеркәсібі салаларын дамытудың технологиялық деңгейі екенін атап өтті.

«Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының 80 процентінен астамы қол еңбегін немесе жартылай автоматтандырылған өндірісті қолданып отыр. Яғни, әлі автоматтандыруға көшу кезеңінде. Осыған байланысты, біріншіден, қаржылық қолдау құралдарын дамыту арқылы кәсіпорындарды жаңғыртуды инвестициялауға ынталандыру қажет. Көлемі мен ұзақ мерзімді қаржыландыру қолжетімділігін арттыру, озық жабдықтар мен технологияларды пайдалану тұрғысынан мемлекеттік қолдау алатын жобаларға қойылатын талаптарды күшейту керек. Екіншіден, өнеркәсіпті цифрландыру бойынша жоспарланған шараларды іске асыруды жалғастыру, оның ішінде кәсіпорындарға қойылатын технологиялық талаптар мен стандарттарды арттыру қажет», - деді Жеңіс Қасымбек.

Соңғы жаңалықтар