Жеңіс Қасымбек инфрақұрылым сапасы бойынша ҚР рейтингі субъективті екенін айтты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев инфрақұрылым сапасы бойынша бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексінде Қазақстанның рейтингін тиісті деңгейге жеткізуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Инфрақұрылым сапасы бойынша Қазақстан 2015 жылы 58-орында болды, ал 2016 жылы - 63-орын. Әр жыл сайын біз бөлінетін қаржыны арттырудамыз, алайда бұл тұрғыдағы көрсеткіште төмендеу байқалуда. Себебі неде?» - деп сұрады Сағынтаев ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектен.

Өз кезегінде министр 2016 жылы төмендеу тек екі негізгі көрсеткіш бойынша, яғни автожол және порттар сапасы аясында орын алғанын жеткізді. Бұл бағыттар Қазақстанның елдік рейтингіне ықпал еткен көрінеді.

«2011 жылдан бергі уақытта көрсеткіштер жақсарған еді. Өткен жылы салаға ауқымды инвестициялар салынғанымен, 2 көрсеткіш бойынша төмендеу болды. Бұл көрсеткіштер автокөлік жолдары инфрақұрылымының сапасы мен порттар сапасына қатысты»,-деді Ж. Қасымбек.

Оның пайымынша, бұл нәтижелер біршама субъективті болып табылады. Осы бағыттағы қорытындылар сауалнама әдісімен жүзеге асырылатын көрінеді. «Біз қазіргі кезде тиісті шараларды қарастырып жатырмыз және 2017 жылы аталған көрсеткіштер өзгереді деген ойдамыз»,-деді министр.

Бұл ретте Үкімет басшысы көрсеткіштерді анықтау сауалнама әдісімен жүргізілген жағдайда тиісті жұмыстарды атқару керектігін ведомствоға тапсырды.

«Біз бизнеске, ел тұрғындарына атқарып жатқан жұмыстарымызды тиісті деңгейде жеткізбей отырмыз. Яғни, іске асырылған жұмыстар жайында ақпарат дұрыс жария етілмейді. Бұрынғысынша, «сапасы дұрыс емес» деген ескіше пікірмен бұл сауалдарға осылайша жауап беріп жүрген болар»,-деді Премьер-Министр.