Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде мемлекеттік органдар да, бизнесмендер де сауда-экономикалық келісімдердің негізгі ережелерін дұрыс пайдаланбай жүр. Сол себепті басымды бағыттар бойынша рәсімделген құжаттарды жан-жақты түсіндіріп, барлық проблемаларды үкіметаралық комиссияның қарауына дер кезінде шығару қажет. «Екінші мәселе, шет елдерде біздің экспорттық-промоутерлік қолдау жүйесі дұрыс дамымаған. Соның салдарынан жаңа нарықтарға кіре алмай отырмыз. Бүгінде дамыған мемлекеттердің көбісі сауда өкілділіктер желісін ашып алған. Мысалы, Оңтүстік Корея, Аустралия, Ресей және тағы басқа елдер осы бағытта жақсы жұмыс істеп келеді. Сол себепті экспорттық стратегиямыздың аясында шет елдерде өкілдіктер ашу шараларын жалғастыру қажет. Біріншіден, экспорттық қызығушылығы басым елдер, ол - Ресей, Қытай, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Беларусь, Украина, осы елдерде. Сонымен бірге шет елдерде жаңа экспорттық инфрақұрылымды қолдау құралдарын қолға алу қажет», - деді Ж.Қасымбек Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, экспорт саясатын қалыптастыру мен бірыңғай үйлестіруді іске асыру үшін институционалды тәсілдерді де күшейту керек. Сондай-ақ, әлемдік нарыққа ұлттық брендтерді тездетіп шығарған жөн.
15:46, 02 Мамыр 2018
Жеңіс Қасымбек шетелде промоутерлік бөлімшелерді көптеп ашуды ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек отандық тауарларды шетелге экспорттаудың негізгі проблемаларын атады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.