Жеңіс Қасымбек Шымкент агломерациясын дамыту жолындағы нақты қадамдарды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет отырысында Шымкент агломерациясын дамыту жобасын қолдауды сұрады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Мемлекет басшысы «Қазақстан - 2050» стратегиясында Астана, Алматы және Шымкент, Ақтөбе қалаларында агломерацияларды дамыту бойынша стратегиялық қажеттіліктерді белгіледі. Осыған байланысты өңір аумағының өсімін басқару үшін Шымкент агломерациясының аумақтарын дамытудың өңіраралық схемасы әзірленді. Агломерацияның ықпал ету аймағында Шымкент - орталық қаласы, Арыс қалалық әкімшілік пен облыстық жеті ауданның бөліктері кіреді. Олар: Бәйдібек, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам, Сарыағаш, Төле би және Түлкібас. Халық санының 2030 жылға қарай 2,3 миллионға ұлғаятынын ескере отырып, агломерацияның көші-қон ағымдарын реттеу қажет», - деді министр.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, негізгі жоспарлау осьтері бойынша Сарыағаш, Арыс және Тұрар Рысқұлов секілді ірі елдімекендерінің базасында контрмагнит қалаларды қалыптастыру ұсынылады.

«Өндіргіш күштерді дамытудың ұсынылған шаралары өңірдің экономикалық негізін трансформациялауға, қызмет көрсету саламын агломерацияның көліктік-логистикалық және туристік әлеуетін дамытуға бағытталған. 2030 жылға қарай фармацевтика, мұнай, химия, металлургия, құрылыс индустриясының, ғылым, сауда және қызмет көрсету салалары дамитын болады. Өңдеу өнеркәсібі 5 есеге ұлғаяды. Ауыл шаруашылығының кооперациялары мен агроөнеркәсіптік кешенін дамуы мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі төрт есеге, және өсімдік шаруашылығының жалпы өнім көлемін бес есеге арттыруға ықпал етеді», - дейді ол.

Министр осыдан кейін нақты ұсыныстарға көшті. Атап айтқанда, көліктік жүйені дамыту үшін Шымкент қаласының Оңтүстік, Шығыс және Солтүстік бөліктерінде үш айналма жолды, қаланың сыртқы айналмадағы 118 шақырымын жөндеуді, Сарыағаш қаласының айналма жолы мен облыстық және аудандық маңыздағы 720 шақырым жолды жөндеуді ұсынды. Ұсыныстардың арасында «Шымкент-2» темір жолы мен Шымкентті айналма 43 шақырымдық темір жолды салу жұмысы да бар. Сонымен қатар, Арыс вокзалын да жөндеудің маңғыздылығы туып отыр.

Министр сондай-ақ, Шымкент қаласы мен Сарыағаш ауданында 2020 жылға дейін екі көліктік-логистикалық орталық салу маңызды екенін айтады. Жеңіс Қасымбек өзге де әлеуметтік, инновациялық, экологиялық бағыттардағы біршама ұсыныстарды айта келе Үкімет басшысынан жобаны қолдауды сұрады.

«Бұл іс-шаралар қызмет көрсету саласын жақсартып, қаланың көліктік-экспорттық әлеуетін арттыра түсер еді. Жоспар барлық мемлекеттік органдармен, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігімен келісіл. Жобаны қолдауыңызды сұраймын», - деп түйді министр.