«Маман мәселесі де маңызды аспектілердің бірі. Коммуналдық шаруашылық саласында ресурсты және энергияны үнемдейтін заманауи технологияларды қолданып, жұмыс істей алатын білікті мамандар жетіспейді. Мысалы, 2016-2017 оқу жылында «Сумен жабдықтау және су тарту жүйелерін тазарту» мамандығы бойынша 75 грант бөлінсе, «Сумен жабдықтау және су тарту» мамандығы бойынша грант бөлінбеген. Біз жаңарту мен жаңа инфрақұрылым салуды инвестициялаудан бөлек, су арнасы мамандарының біліктілігін арттыру бағдарламаларын жүзеге асыру қажет деп есептейміз», - деді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар оның айтуынша, техникалық және басқарушылық салаларда шетелдік тәжірибені пайдалануды күшейту және отандық университеттерге тиісті техникалық мамандықтарды енгізу керек.
«Жергілікті атқарушы органдар мамандарды даярлауға қатысты мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту кезінде 72 мыңнан астам адам жұмыс істейтін су секторының қажеттіліктерін ескерулері тиіс», - деді министр.
Айта кетейік, ҚР Парламенті Мәжілісінде еліміздің елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне арналған парламенттік тыңдау өтуде. Шараға Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, мүдделі мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысуда.