Жеңіс Қасымбек Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы туралы баяндады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үлкен Алматы айналма жолы құрылысына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл үлкен жоба және оны концессиялық жоба ретінде жүзеге асыруды жоспарладық. Оның ұзақтығы 60 шақырымнан астам. Осы жолдың проблемасын шешудің бастапқы кезеңінде жер телімдерінің құны өте жоғары болған, яғни ол жағдай 2009-2010 жылдарда орын алған еді. Осының салдарынан жоба тоқтап қалды. Ал жер телімінің құны арзандағаннан кейін меншік иелерімен келісімге келдік, ал әкімдік бастапқы бағаға қарағанда 8 есе арзанға сатып алды», - деп түсіндірді министр Сенаттың жалпы отырысында.

Бұдан кейін концессиялар туралы заңнамаға өзгертулер енгізіліп, 2015 жылдың соңы мен 2016 жылдың басында концессионерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер басталды.

«Атап айтқанда, концессионер жолды өзі салып, ондағы ақылы жүйенің негізінде 20 жылдың барысында жобаға жұмсалған шығындардың құнын қайтарып, оны күтіп ұстауы тиіс болатын. Бүгінде келіссөздердің жетінші кезеңі жүріп жатыр. Басында 10-ға жуық консорциум болса, кейіннен тек үшеуі қалды. Біз сол кезеңде теңге бағамы өзгерісі уақытына тап болып, осыған байланысты жобаның құнын қайта есептеуге байланысты белгілі бір қиындықтары туындады. Барлық концессионерлер тарапынан бастапқы мәлімделген жоба құны Үкіметті қанағаттандырмады. Қазіргі кезде келіссөздер барысында кеңесшілермен бірге оның құнын айтарлықтай төмендетуге қол жеткіздік. Осы орайда келіссөздердің соңғы кезеңіндеміз және алдағы екі айда барлығын айқындап, келісім жобасының дайындығын бастаймыз деген үміттеміз», - деді Ж. Қасымбек.

Бұл тұрғыда Ж. Қасымбек биылдың соңына дейін осы жолды салатын консорциум нақтыланатынын жеткізді.

«Осы орайда үлкен халықаралық консорциум болады деп күтілуде. Ол жолдың құрылысына өзінің және қарыз қаржыны тартып, жобаны жүзеге асырады», - деп түйіндеді сөзін министр.
Айта кетейік, Үлкен Алматы айналма жолы 66 шақырымды құрап отыр. Жоба аясында 6 жолақты автомагистральдің құрылысы ескерілген. Осы орайда бұл жоба арқылы Алматының көлік жүйесіне түсіп отырған салмақ айтарлықтай төмендемек.

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (ОАӨЭЫ 1 және 6-дәліздерін қосатын «Ақтөбе-Мақат» автомобиль жолын реконструкциялау жөніндегі жоба) ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланып, палата депутаттары құжатты қабылдады.