Жеңіс күні: 13 мыңнан астам алматылық төлем алады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс III сессиясында Жеңістің 78 жылдығына орай біржолғы көмек көрсету мәселесін депутаттар бірауыздан қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін Алматы қаласының әкімдігі әрбір ардагерге 1 миллион теңге көлемінде қаражат беруді қарастырған болатын. Алайда, мегаполис басшысы Ерболат Досаевтың ұсынысы бойынша биыл Алматыдағы 58 соғыс ардагері 1,5 миллион теңге көлемінде ақшалай төлем алатын болды.

Сондай-ақ, Алматының 13 233 тұрғынына мерекеге орай 889,9 млн теңгеге ақшалай төлем қарастырылып отыр. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген азаматтар, еңбек майданының қатысушылары, басқа мемлекеттердің аумағындағы соғыс ардагерлері, соғыста қайтыс болған қатысушылары мен мүгедектерінің әйелдері, Ауғанстанда және басқа мемлекетте қаза тапқандардың отбасылары.

- ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне 1,5 млн теңгеден

- ҰОС қатысушыларына теңестірілгендерге 100 мың теңгеден

- Еңбек майданына қатысушыларға 50 мың теңгеден

- Басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс қимылдарының ардагерлеріне 100 мың теңгеден

- ҰОС-да қайтыс болған қатысушылардың, мүгедектердің әйелдеріне 50 мың теңгеден

- Ауғанстанда және басқа мемлекеттерде қаза тапқандардың отбасыларына 100 мың теңгеден.

Өз кезегінде, депутаттар ардагерлерді құттықтауға және оларға қосымша көмек көрсетуге қатысатынын жеткізді.