Жеңіс мерекесіне орай астаналық ардагерлерге берілетін төлем мөлшері артты

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – 9 мамыр мерекесіне орай мәртебесі Ұлы Отан соғысының ардегерлерімен теңестірілген азаматтарға берілетін төлем мөлшері артты. Елорданың коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Астана қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Таласова осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«9 мамыр мерекесіне орай Ұлы Отан соғысының ардегерлерімен теңестірілген азаматтарға, өзге шет мемлекеттердің аумағында ұрыс операцияларына жұмылдырылған адамдарға берілетін төлем мөлшері ұлғайды. Атап айтқанда, ол 9 АЕК-тен (31 050 теңгеден) 35 АЕК-ке (120 750 теңгеге) дейін артты», - деп тоқталды Айгүл Таласова.

Сонымен бірге, брифинг барысында басқарма басшысының орынбасары елордалық зейнеткерлерге көрсетіліп жатқан көмектерге тоқталды. Оның мәлімдеуінше, қазірге дейін үйіне газ тарту үшін 700-ден астам зейнеткерге қаржылай қолдау көрсетілген.