Жеңіс туын желбіреткен жерлестеріміз елге оралды

ШЫМКЕНТ- Бүгін Рио олимпиадасында қазақ елінің туын көкке желбіреткен облысымыздың спортшылары Шымкентке оралды, деп хабарлайды «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы.

Жеңімпаздарды қарсы алуға өңіріміздің барлық аймағынан жанкүйерлері келіп зор қошемет көрсетті. Спортшылар қаланың орталық көшелерін аралап, «Алға Қазақстан!» деп ұрандатты.

«Қазір бірер минуттардан соң Рио олимпиадасында ел намысын қорғаған спортшылар Шымқаламызға келеді. Жалпы бұл жарысқа өңірімізден 21 спорты аттанған болатын. Бразилия топырағында ел намысын қорғаған спортшылардың олимпиададан кейінгі көңіл-күйі қалай? Қазір көретін боламыз», деп хабарлады телеарна тілшісі.

Елдің атын шығарған спортшыларымызды қазақ жұрты мақтан тұтады. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін үзбей бақылаған додада үмітті ақтаған сайыпқырнандарға елдің алғысы шексіз.

«Қуаныштан жүрегіміз жаралып тұр. Біздің Жазира қызымыз, олимпиада жүлдегері болып елге оралып жатыр.   Алға, Қазақстан! Тек қана жеңісті күндерде кездесе берейік! Біздің жерлесіміз жасасын!», деді  жанкүйер Расиль Байков.

Міне көптен күткен спортшыларымыз да келді. Ыстық ықылас, зор қошемет, ізгі тілек, бәрі-бәрі жеңіс туын желбіреткендерге арналды. Елімізге танымал айтыскер ақын арнауын айтып, қала басшылары облыс тұрғындары атынан құттықтау лебіздерін  жеткізді.

Әуежайдағы салтанатты жиыннан соң  спортшылар  автобуспен қала көшелерін аралап, «Алға Қазақстан» деп ұрандатты. Жолда жүріп бара жатқан жүргіншілер тоқтап, спортшыларға құрмет көрсетті. Енді бірі ризашылықтарын білдіріп жатты.

Ел намысы үшін өзінен екі есе ауыр салмақты көтерген ару қыздың айтуынша - денсаулығындағы кінараттарға қарамастан, елім үшін барымды салдым дейді. Еткен еңбек еш кетпеді.

«Белімде жарақат болды, саусағымның буындары ауырды, тізем ауырды. Соған қарамастан, Қазақ елімнің намысы үшін барымды салып, осындай жүлдеге ие болдым», деді Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл.

«Біздің өңіріміз жолдамалар санынан бірінші орында тұр. Медальдар жағынан біз жоспарлап дайындаған спортшыларымыздың барлығы жақсы өнер көрсетті. Алайда, 1-2 медалімізді төрешілердің әділетсіздігінен ала алмадық. Дегенмен де, көңіліміз толады. Осы медальдар келешекте жастарға серпін береді деп ойлаймын», деп мәлімдеді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев.

Дүбірлі дода өтті. Спортшыларымыз елге аман оралды. Жеңіс те болды, жеңіліс те болды. Дегенмен, бұл спорттық сайыстың алғашқысы да, соңғысы да емес. «Ең бастысы алдағы олипиада ойындарына  жиған тәжірибе қалды. Сондықтан, ендігі Токиода өтетін жарысқа барынша дайындалып, жеңіс тұғырынан көрінуге атсалысамыз дейді»,- жеңімпаздар.