ЖЕҢІСКЕ 2 КҮН ҚАЛДЫ: Германия Қарсылықсыз тізе бүгу туралы Актіге қол қойды
АҚШ қарулы күштерінің генералы, Одақтастар әскерлерінің қолбасшысы Дуайт Эйзенхауэрдің штабында өткен бұл рәсімге англо-америкалық тараптан АҚШ армиясының генерал-лейтенанты, Одақтық экспедициялық қарулы күштердің Бас штабының бастығы Уолтер Беделл Смит, КСРО тарапынан одақтастар қолбасшылығы жанындағы Жоғарғы Бас қолбасшылық штабының өкілі, генерал-майор Иван Суслапаров және Франция тарапынан генерал Франсуа Севез қатысты.
Нацистік Германияның құрлықтағы, әуедегі және теңіздегі қарулы күштерінің тізе бүгуі 8 мамыр күні 23 сағат 01 минутта (орташа еуропалық уақыт бойынша) күшіне енді.
Айта кетелік, бұл құжат ағылшын тілінде жазылған болатын. Алайда, Сталиннің үзілді-кесілді талабы бойынша нацистік Германия үкіметі «жеңімпаздардың жерінде емес, өздерінің жеңілген жерінде, фашизмнің ордасы - Берлинде, Кеңес әскерлері қарулы күштері қолбасшылығының қатысумен» екінші қайтара Қарсылықсыз тізе бүгу Актісіне қол қоятын болып шешілді.
Ал «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылдың 9 мамырындағы (сәрсенбі) №90-шы санында жарық көрген Кеңес ақпарат бюросының 7 мамырдағы ұрыстар мәліметі төмендегідей:
«1-ші БЕЛОРУС майданының әскерлері МАГДЕБУРГ қаласының солтүстік және солтүстік-шығыс тұсынан ЭЛЬБА өзеніне шығып, ГЕКТИН мен ЦЕРБСТ қаласын және ШЕНХАУЗЕН, БЕРГЦОВ, ПАРЕЙ, ШАРТАУ, ГЕРВИШ, ЛЕЙТЦКАУ, ГЕРДЕН, ВАЛЬТЕРНИНБУРГ, ШТОЙТЦ елді мекендерін алды.
Ал, 6-шы мамыр - соғыстың 1415 күні болған ұрыстар барысында майдан әскерлері БРАНДЕНБУРГ қаласының солтүстік және солтүстік-батыс жағында алға жылжи отырып, ЗАНДАУ, ВУЛЬКАУ, КЛИТЦ, ФЕРХЕЛЬ, ФИРИТЦ, ШЛАГЕНТИН, ПЛАУЕ, ГРОСС-ВУСТЕРВИТЦ, КАДЕ, КА-РОВ елді мекендерін алған болатын. Осы күні майдан әскерлері 3100 неміс солдаты мен офицерін қолға түсіріп, әуежайдан 34 жау ұшағын олжалады.
5-ші мамырдағы ұрыстар барысында 17120 неміс солдаты мен офицері тұтқындалды.
1-ші УКРАИН майданының әскерлері 7-ші мамыр күні ұзаққа созылған қоршаудан кейін БРЕСЛАВЛЬ (БРЕСЛАУ) қаласын әрі қамалын алды.
Қамалдың коменданты, генерал фон Нигоф басқарған гарнизон қарсылықты тоқтатып, қаруларын тастап, тұтқынға түсті.
7 мамыр күні 19 сағатқа қарай, біздің әскерлер БРЕСЛАВЛЬ қаласында немістердің 40 000 астам солдаты мен офицерін тұтқындады.
4-ші УКРАИН майданының әскерлері МОРАВСКА ОСТРАВА қаласының батыс және оңтүстік-батыс жағында шабуыл жасай отырып, ФРЕЙДЕНТАЛЬ, ФРИД-ЛАНД на МОРАУ, МЕРИШ-НЕЙШТАДТ, ШТЕПАНОВ қалаларын және ВИЛЬДГРУБ, ШУМВАЛД, МЕДЛОВ, ХВАЛКОВИЦЕ, ШМЕЙЛЬ, СПАЛОВ, ОДРЫ, ПАЛАЧОВ, ЛЕШНА ірі елді мекендерін ұрыспен алды.
Ал 6-шы мамыр - соғыстың 1415 күнінде осы майданның әскерлері осы бағытта ұрыс жүргізе отырып, БЕНИШ, ШТЕРНБЕРГ, ПРЖИБОР, НОВЫЙ ЙИЧИН, ФРЕНШТАТ, ВАЛАШ МЕЖИРИЧИ, ГОЛЕШОВ қалаларын алған болатын. Осы және 5 мамырда болған ұрыстарда майдан әскерлері немістердің 3000 астам солдаты мен офицерін қолға түсірді.
5-6 мамыр аралығында әуе ұрыстарында зениттік артиллерияның күшімен жаудың 10 ұшағы атып түсірілді.
Айта кетелік, 6 мамыр күні Праганы азат ету операциясы басталды. Ол 11 мамырға дейін созылды. Оған 1-ші, 4-ші және 2-ші Украин майданының әскерлері және Польша әскерінің 2-ші армиясы, 1-ші және 4-ші румын армиялары және 1-ші чехословакиялық армиялық корпус қатысты» - делінген мәліметте.