ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: Астанада қазақ жауынгерлеріне арналған «Намыс тұғыры» атты өнерпаздардың тағылымдық кеші өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ертең, 15 сәуір Астанада қалалық Тілдерді дамыту басқармасы Б.Момышұлы ескерткішінің алдындағы алаңда Жеңістің 70 жылдығына арналған «Намыс тұғыры» атты тағылымды іс-шарасын өткізеді, деп хабарлады аталған басқарманың баспасөз қызметінен.

Іс-шараның басты мақсаты - Ұлы Отан соғысындағы батыр бабалардың рухына, ұлы ерлікке тағзым ету, ардагерлерді ұлықтау, құрмет көрсету, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, патриоттық сезімге баулу және жастардың бойына бейбіт күннің, азат таңның қадірін, бағасын сіңіру.

Шара барысында Ұлы Жеңіс жолында қаза тапқан бабаларды еске алу, гүл шоғын қою рәсімі ұйымдастырылады, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған медальдар табысталады. Сонымен қатар, Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының әртістері қазақ батырларының рөлін сомдап, елорда эстрадасының жас таланттары Бауыржан Барғали, Әсем Омарова, Димаш Құдайберген, Бауыржан Ахметов, «Royal» квартеті және «Жас Ұлан» мектебінің ұландары соғыс жылдарындағы, әскери-патриоттық әндерді шырқап, би билейді, «Astana drum line» барабаншылар тобы композициялар ұсынатын болады. Аталған тағылымды іс-шараға ардагерлер, қарттар, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, үкіметтік емес ұйым және жастар қоғамдық бірлестіктерінің белсенділері, студент-жастар, елорда тұрғындары мен қонақтары шақырылған.