Жеңіске 70 жыл: Батысқазақстандық жауынгер А.Айтановтың жерленген орны 72 жылдан кейін табылды
11:25, 15 Мамыр 2015
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласының тұрғыны Нұрсиқ Ақмурзин әкесі Ақмырза Айтановтың жерленген орнын 72 жылдан кейін тапты.
Қала тұрғыны Ажар Жортабайқызының хабарлауынша, 1942 жылы Жәнібек ауданынан майданға аттанып, 1943 жылдың наурыз айында қаза тапқан А.Айтанов Ресейдің Орел облысы Левкин деревнясында жауынгерлер зиратында жерленген екен.
Н.Ақмурзин Орел облыстық әскери комиссариатының, Новосиль ауданы әкімшілігінің арнайы шақыруымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Хворостянка ауылына барып қайтты. Онда тұрғындарды Жеңіс мерекесімен қазақстандықтар атынан құттықтаған Н.Ақмурзин содан кейін әкесінің басына барып, құран бағыштап, туған жерінің бір уыс топырағын салды.
Бұл сапарға Орал қалалық мәслихатының депутаты, «KAZKON» кондитерлік фабрикасыың директоры Марат Қаженов демеушілік етті.