ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: Парадта авиаторлар әуеде «70» санының бейнесін көрсетеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған қазақстандық армия тарихындағы ең ірі әскерлер парадына үш күн уақыт қалды. Парадта авиа-шоу ерекше орын алатын болып отыр.

«Әскери ұшқыштар жеке және пилотажды топ құрамында жоғарғы пилотаж фигураларын орындап, өз шеберліктерін көрсетпек. Авиаторлар ұлы жеңістің мерейтойын айғақтайтын «70» санын әуеде көрсетіп көрермендерге сый жасайды. 7 мамыр күні Астана аспаны астында қазақстандық ӘӘК қаруының бір бөлігі болып саналатын 70 авиациялық техника әуеге көтеріледі»,-деп атап өтілген ҚР Қорғаныс министрлігі мәліметінде.

Бұлар майдандық, әскери-көліктік және армия авиациясының Су-25, Су-27, Су-30, МиГ-29, МиГ-31, МиГ-27, Ан-26, Ан-72, Ту-134, Ту-154, С-295 (Airbase Military) ұшақтары, сондай-ақ Ми-8, Ми-17, Ми-171, Ми-26, К-32 және ЕС-145 (Еврокоптер) тікұшақтары.

Бұдан өзге парадқа ҚР Қарулы Күштерінің тарихында тұңғыш рет қазақстандық Әскери-әуе күштерінің сапын толықтырған жаңа жоғарғы маневрлі Су-30СМ жойғыш ұшағы қатысатын болады.

«Алдағы парад - біздің болашағымыз үшін, бейбітшілік пен бостандық үшін күрескен батыр ата-бабаларымызға құрмет, сондай-ақ бүгінде ел қорғаны болып табылатын қазақстандық армияның жауынгерлік күш-қуатын көрсетеді. Ертең 5 мамыр күні Астанадағы айтулы әскери парадтың бас дайындық шаралары өтетін атап өткен жөн. Ауқымды шеруге 5 000-нан аса әскери қызметші, 220 бірлік заманауи қару-жарақ пен әскери техника, сонымен бірге 70 бірлік қазіргі заманғы авиация техникасы тартылады»,-делінген ведомство хабарламасында.