ЖЕҢІСКЕ ДЕЙІН 14 КҮН: Шығыс Пруссия операциясының аяқталып, Берлиннің толық қоршалуы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тура 70 жыл бұрын, 1945 жылдың 25 сәуірінде Ұлы Отан соғысының 1404-ші күні жүріп жатқан еді. Жеңіске дейін 14 күн қалған. «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандардың назарына сол күнгі оқиғалар желісін ұсынады.

Шығыс Пруссия операциясы (1945). 3-ші Беларусь майданының 11-ші гвардиялық армиясы Земланд жартылай аралында жау күшін талқандап, Пиллау қаласын басып алды. Неміс жасақтарының қалған бөлігі Фришес-Нерунг шығанағының батыс бөлігі мен Висланың шалшықтанған сағасында жасырынды.

Шығыс Пруссия операциясы аяқталды. Кеңес әскерлері Шығыс Пруссияны басып алып, жау жасақтарының мұнда қорғанып отырған тобын жойып жіберді. Операция 103 тәулікке созылды. Оның бас кезіне қарай жасақтардың саны - 1669100 адам болса, 126464 (7,6 %) адам қаза тауып, 458314 адам жарақат алды.

Берлинге шабуыл жасау операциясы. 25 сәуірге қарай 2-ші Белорусь майданының 65-ші және 70-ші армиясы 8 шақырымға дейін алға жүріп, плацдармды 35-ші өлшемге дейін 15 шақырымға кеңейтті. 70-ші армия Радехов, Петерсхаген, Гартц шекарасына жетті. 25 сәуірдің кешінде 20 шақырымдық майдандағы жау қорғанысынан өту аяқталды. Майдан жасақтары Рандов өзеніне қарай жақындаған.

25 сәуір күні күндізгі сағат 12-де Берлиннің батысында соғысқан 1-ші Белорусь майданының 47-ші армиясы мен 2-ші гвардиялық танк армиясы Кетцин ауданына шығып, онда 1-ші Украина майданының 4-ші гвардиялық танк армиясымен қосылды. 3-ші екпінді армия Берлин-Шпандауэр-Шиффартс су арнасында плацдармдарды кеңейту үшін жауынгерлік әрекеттер жүргізген. 5-ші екпінді армия Шпреенің батыс жағасының бойымен жүріп, 2800 метр алға жылжыды. 8-ші гвардиялық армия қаланы шабуылдау әрекетін жалғастырып, Ландвер су арнасы арқылы өткелдерді басып алды. 1-ші гвардиялық танк армиясы Ландвер су арнасынан өткен соң Брицтің солтүстігіндегі Тельтов су арнасының солтүстігіндегі көше ұрыстарына араласты.

28-ші армияның үш дивизиясымен күшейтілген 1-ші Украина майданының 3-ші гвардиялық танк армиясы Берлиннің оңтүстік-батыс аудандарын жаудан босатып, қала түбіндегі Шмаргендорф үшін ұрыстар жүргізді.

4-ші гвардиялық танк армиясы Потсдамнан оңтүстік-шығысқа қарай Хавель арқылы өтетін жерлер үшін шайқастарын жалғастырып жатты. 6-ші гвардиялық механикалық корпус Хавельден өтіп, күндізгі сағат он екіде 1-ші Беларусь майданы 47-ші армиясының 328-ші дивизиясымен қосылды. Берлин толық қоршалды. Одан кейін 6-шы механикалық корпус 47-ші армиямен бірігіп Потсдамға шабуылын жалғастырып жатты. 3-ші гвардиялық танк армиясы Франкфурт-Губен тобына қарсы қиян-кескі ұрыстар жүргізіп жатқан әскерлерге қосылды.

Батыста 13-ші армия мен 4-ші гвардиялық танк армиясының 5-ші механикалық корпусы Венктің 12-ші армиясының жасақтарымен шайқастарын жүргізіп жатты.

25 сәуірде Эльба өзеніндегі Стрела және Торгау ауданында 5-ші гвардиялық армияның 58-ші гвардиялық дивизиясы 1-ші американдық армияның 5-ші армиялық корпусының 69-шы жаяу дивизиясының барлаушы топтарымен кездесті...

Шайқастар кезінде 1-ші Белорусь майданының жасақтары Эльшталь, Рорбек, Марквардт қалаларын және Берлиннің жанындағы Фалькензее, Фалькенхаген, Лагердеберицті басып алды. Сонымен бір уақытта майдан жасақтары Берлиннің солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс бөлігінде көше ұрыстарын жалғастырып, қаланың Трептов және Бриц аудандарын жаулап алған. Одердегі Франкфурттан оңтүстік-шығысқа қарай майдан жасақтары Мюлльрозе және Фридланд қалаларын басып алды.

1-ші Украина майданының жасақтары Кетцин қаласын және Берлиннің оңтүстік-батыс бөлігіндегі Лихтерфельде, Целендорф аудандарын жаулап алған. Коттбус қаласынан солтүстікке қарай майдан жасақтары 40-тан астам елді мекенді, соның ішінде Пейтц қаласы мен Диссен, Бург, Краусник, Бризен елді мекендерін басып алды. Майдан жасақтары Дрезденнен солтүстік-батысқа қарай Эльба өзенінен өтіп, өзеннің батыс жағасында Риза қаласына кірді. Бауцен ауданында біздің жасақтарымыз қарсыластың жаяу әскері мен танктерінің ірі күштерінің қарсы шабуылдарына тойтарыс беріп, үлкен соққы жасады...

Чехословакия аумағындағы Годонина қаласынан солтүстік-батысқа қарай 2-ші Украина майданының жасақтары шабуылын жалғастырып, 50-ден астам елді мекенді басып алды, соның арасында Милешовице, Лингартскеважани, Блажовице, Тварожна, Лишен, Черновице, Пржизженице, Остоповице, Омице болды. Содан кейін Брно қаласының шетінде ұрыстар жүрді. Қаланың оңтүстік-шығысындағы аэродромда майдан жасақтары қарсыластың 18 ұшағын жаулап алды...

Біздің Жеңісімізге дейін 14 күн қалған.