ЖЕҢІСКЕ ДЕЙІН 19 КҮН: Берлинге дейін 60 шақырымдай қалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- «Соңғы үш күн ішінде әскерлеріміздің Орталық тобы тұрған ауданда күшті барлау жүргізілді. Бұл барлау Одер мен Нейсе өзендерінің бойында табан тірейтін бекіністер алып, бұл бекіністерді кеңейту ұрыстарына ұласты».

Кеңес ақпарат бюросының «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылдың 21 сәуіріндегі (сенбі) №78-ші санында басылған «19 сәуірдегі ұрыстар мәліметі» осылай басталады.

Осы ұрыстардың нәтижесінде әскерлеріміз Дрезден бағытында Нейсе өзенінен өтіп, ФОРСТ, МУСКАУ, ВЕЙСВАССЕР қалаларын алды. Ал 2-ші Польша армиясының әскерлері Ротенбург қаласын алды.

«Одер өзені бойында біздің әскерлер Кюстрин қаласының батыс жағында табан тірейтін бекіністі басып алып, оны кеңейтті» - делінген мәліметте.

Сонымен қатар, 1-ші Беларусь майданының (қолбасшысы, маршал Г. Жуков) 61-ші екпінді армиясы Одер өзенінің батыс жағалауында ұрыс жүргізе отырып, 1 шақырымға алға жылжыды. 47-ші, 3-ші екпінді армиялар және 2-ші гвардиялық танк армиясы Берлинге солтүстік-шығыстан шабуылдауда. 5-ші екпінді армия Германия астанасына «№ 1Рейхсштрассе» даңғылының бойымен жылжуда. Ал 8-ші гвардиялық армия мен 1-ші гвардиялық танк армиясы Мюнхеберг қаласының маңынан жау қорғанысын бұзып өтті. 69-шы армия мен 33-ші армия Одер өзенінің шығыс жағалауында орналасқан Франкфурт қаласын алып, күні бойы 3-4 шақырымға алға жылжыды.

Берлиннің оңтүстік-шығысынан, Одер өзені бойынан шабуылға көшкен 1-ші Украин майданының (қолбасшысы, маршал И. Конев) 3-ші гвардиялық танк армиясы (қолбасшысы, бронетанк әскерлерінің маршалы Павел Рыбалко) 30-35 шақырымға жылжыса, 4-ші гвардиялық танк армиясы кешке қарай 50 шақырымды басып өткен. 3-ші және 5-ші гвардиялық армиялар Котбус пен Шпремберг қалаларының маңында өз қапталдарын кеңейтуге күш салуда.

Сонымен қатар әскерлеріміз Чехословакия жерінде де сәтті ұрыстар жүргізіп жатыр.

«19-шы сәуір барысында Чехословакия жерінде, ГОДОНИН қаласының солтүстік-шығыс және солтүстігінде 2-ші УКРАИН майданының әскерлері шабуыл ұрыстарын жүргізе отырып, КОЗОЙИДКИ, ЛИДЭРОВИЦЕ, ЗАРАЗИЦЕ, БЗЕНЕЦ, СКОРОНИЦЕ, СТАВЬЕШИЦЕ, НАСЕДЛОВИЦЕ қыстақтары мен ЛИДЭРОВИЦЕ, СВАТОБОРЖИЦЕ темір жол стансаларын алды.

ВЕНА қаласының солтүстік жағында майдан әскерлері Австрияның БЕРНГАРДСТАЛЬ, АЛЬТ ЛИХТЕНВАРТ, ВИЛЬФЕРСДОРФ. ЗИБЕНИРТЕН, АСПАРН, ЛАДЕНДОРФ қыстақтарын және АЛЬТ ЛИХТЕНВАРТ пен АСПАРН теміржол стансаларын алды» - делінген мәліметте.

Басқа майдандарда жергілікті маңызға ие ұрыстар жүргізілуде және барлаушылардың іздеу жұмыстары жалғасуда.

18 сәуір күнгі болған ұрыстарда немістердің 96 танкісі мен өздігінен жүретін зеңбірегі талқандалды және жойылды. Әуе ұрыстарында зениттік артиллерияның күшімен 115 жау ұшағы атып түсірілді.

Сондай-ақ газетте Кеңестер одағының маршалы А. М. Василевскийді «Жеңіс» орденімен марапаттау және авиацияның бас маршалы А. А. Новиковқа Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының19 сәуірдегі қаулысы жарияланды.