1945 жыл 12 сәуір.
Чехословакия. Кеңес ақпараттық бюросы хабарлайды: Братиславаның солтүстік-шығысы мен солтүстігіне қарай 2-ші Украина фронты қала мен Скалица темір жол стансасы және 30-дан астам өзді елді-мекенді жаулап алды. Олардың ішінде Тренч Тепла, Опатова, Кохановце, Галузице, Горны-Бзинце, Врбовце, Радейов, Катов, Голич, Копчани бар...
Австрия. Венаның солтүстік-шығысына қарай кеңес әскері Дрезинг, Еденшпайген, Лойдесталь, Эрдпрес, Хохенрупперсдорф, Ауэршталь елді-мекендерін басып алды. Боккфлис, Адерклаа, Раасдорф, Эсслинг, Гросс Энцерсдорф және Эйбесбрунн теміржол стансасын жаулап алды. Венада 3-ші Украина фронтының әскері Дунай каналы мен Дунай өзенінің арасында орналасқан қала аудандарында күрес жүргізді. Мұнда олар 60-тан астам кварталды басып алды. Сомбатель қаласының батысына және оңтүстік-батысына қарай фронт әскері шабуылын жалғастырып, Австрияның Гюссинг қаласы (Неметуйвар) мен 40-тан астам өзге елді мекенді, соның ішінде Маркт Аллау, Олбендорф, Обернейберг, Михель, Чаншендорф, Штейнграбен, Ельтендорфты басып алды...
Германия. Магдебург ауданында 9-шы америкалық әскері Эльба арқылы өтіп, оң жағалауында плацдарм құрды. Оңтүстікке қарай америкалық әскер Эрфурт пен Веймарды жаулады. Соңғысы атыссыз жеңілісін мойындады. Германияның жоғарғы басшылығы кері қайтқанда кәсіпорныдар, көпірлер мен байланыс құралдарын жоюды, яғни «өртенген жер» тактикасын қолдануды талап етті. Өз аумағында да...
АҚШ. Уорм-Спрингсте (Джорджия штаты) АҚШ президенті Франклин Делано Рузвельт қаза тапты. Оны алғаш рет президент қылып 1932 жылы сайлаған. Ол Гитлерге қарсы коалицияның нығаюына мол үлесін қосты және Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылуына көп көңіл бөлді. Ол қаза тапқаннан 3 сағат өткен соң АҚШ президенті қызметін Гарри Трумэн атқара бастады.
Қаза табар алдында президент Рузвельт Халық Комиссарларының Төрағасы Сталинге хат жолдап, одақтастықтар арасындағы сенімсіздіктен аулақ болуға шақырды. Хатта: «Біздің әскерлеріміз Германияда байланыс орнатып, үйлесіп шабуыл жасаса, фашистік әскер құлайтынына сенімдімін» делінген. Франклин Рузвельттің соңғы хаты Мәскеуге президент қаза тапқан күннен кейін келді...
Біздің Жеңіске дейін 27 күн қалды.